Kyzylorda-news.kz.   Қызылорда облысының мәдениет басқарма басшысы Мира Қазбекованың төрағалығымен архив саласына қатысты жиын өтті. 

Басқосуда архив саласының қызметін жандандыру және қызмет көрсетудің сапасын арттыру басқа да өзекті мәселелер талқыланды. 
Жиында Мира Жомартқызы архив қызметінің жаңа мазмұнын ескере отырып, алдағы уақытта архив ісін дамыту керектігін айтты.

− Архив қоғамға осы шақ¬тан өткен шаққа және болашаққа қарауға мүмкіндік береді, еліміздің құнды құжаттандырылған жетістіктерін сақтап көбейтіп, олардың ғылыми және тәжірибелік мақсатта қолдануын қамтамасыз етеді. Бұрмаланған, ұмытылған немесе қоғамнан жасырылған тарихи деректерді, есімдерді, оқиғаларды жөніне келтіруге көмегін тигізеді. Бүгінде барлық құжаттың цифрлану дәуірінде архив құжаттары жаңа реңге ие болды. Бүгінгі таңда ол тарихи дерек көздерінің ерекше ақпарат көзі. 
XXI ғасыр – ақпарат ғасыры, сондықтан архив рөлі ақпарат көзі ретінде ұдайы өсіп отырады. Сонымен қатар архившылардың ел мен қоғамның алдындағы жауапкершілігі де артуда, − деді ол.

Қоғамдық сананы жаңғыртудағы архивтердің рөлі, ұйымдардан электронды құжаттарды қабылдау, бүгінгі архив саласының жағдайы да назардан тыс қалмады.

Отырыс соңында архив саласын дамытуға үлес қосқаны үшін бірқатар сала қызметкерлері басқарма басшысының және Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің Алғыc хаттарымен марапатталды.
 

Тағы да оқыңыз: