Kyzylorda-news.kz   Қызылорда қалалық ардагерлер кеңесінің кезекті пленумы өтті.  Жиынға қала әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, пленум мүшелері мен қоғамдық ұйымдар құрамындағы ардагерлер қатысты. Пленумда бұған дейін қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін атқарып келген Сұлтанбек Тәуіпбаевтың өткен жылы атқарған жұмыстарының есебі тыңдалды. 

Жарыссөзге шығып сөйлеуші пленум мүшелері кеңес жұмысына оң бағасын берді. Кеңес қаулысымен Сұлтанбек Тәуіпбаевты басқа жұмысқа ауысуына байланысты кеңес төрағасы міндетінен босатылды. Оның орнына қоғам қайраткері Шакизат Төребаевтың кандидатурасы ұсынылып, пленум мүшелері бірауыздан қолдады. 

Жиын соңында қала әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев және облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев Сұлтанбек Тәуіпбаевтың осы кезге дейін атқарған қызметіне ризашылық білдіріп, сый-сияпат жасады. Ал ұйымның жаңадан сайланған төрағасы Шакизат Хамитұлының жұмысына сәттілік тіледі.

Айта кетейік, бүгінде облыс бойынша 32 мыңнан астам ардагер кеңес құрамына тіркелген. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаевтың айтуынша, қарияларға жергілікті әкімдік тарапынан, жеке кәсіп иелерінен қамқорлық жасалуда. Алайда осы пленумға қатысып, өз өтініштерін айтқан ардагерлердің  мәселесі де назарға алынатынын жеткізді. Бүгінде ардагерлерді алаңдатып отырғаны – қоғамдық көлікте тегін жүру жайы.  Қарттардың көтерген бұл өзекті  тақырыбы талданып, шешімін тапса дейміз.

Тағы да оқыңыз: