Kyzylorda-news.kz Шиелі ауданында ақын, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, сазгер Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына арналған «Жүрегімнің түбіне терең бойла» атты және Ұлы Жеңістің 80 жылдығы аясында «Жеңіске жетелеген әндер» атты ардагерлер арасында облыстық ән байқауы өтті.
Өлмейтұғын сөз ғана емес, өлмейтұғын ән қалдырған Хәкім Абайдың музыкалық мұрасын насихаттау, Абай әндері арқылы Ұлы ағартушының шығармашылығын танып білуге, құрметтеуге үндеу және Ұлы Отан соғысында жанкешті ерлік көрсеткендердің ерлігін патриоттық әндер арқылы кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге ету, ардагерлердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру, өнерлі ардагерлерді баршаға таныту мақсатында ұйымдастырылған байқауға Қызылорда облысынан барлығы 11 талапкер қатысты.
Байқау шарты бойынша талапкерлер бірінші кезеңде Абайдың әнін, екінші кезеңде соғыс жылдарындағы әндерден бір ән салды.
Қазылар алқасының шешімімен байқаудың бас жүлдесін қазалылық Асқар Кенже-Әлі Мақсатбайұлы жеңіп алса, І орынды сырдариялық Жұмағазы Оразов, ІІ орынды шиелілік Саракүл Асанбаева, ІІІ орынды жалағаштық Рәш Отызбаева мен қызылордалық Рсалды Маутенова иеленді.