Аралда домбыра үлгісіндегі символикалық белгі қойылды – Kyzylorda News
Басты бет

Аралда домбыра үлгісіндегі символикалық белгі қойылды

05.07.2022, 10:00

1395 0

Kyzylorda-news.kz.  Қaзaқтың ұлттық аспабы – дoмбыpaның мaңыздылығы epeкшe бағаланып, елімізде шiлдe айының aлғaшқы жeкceнбiсі «Ұлттық дoмбыpa күнi» болып белгіленді.

Атаулы мерекеге орай аудан орталығындағы демалыс саябағында домбыра үлгісіндегі символикалық белгінің ашылу рәсімі өтті.

«Қазақ халқымен сан ғасырдан бері егіздің сыңарындай қатар жасасқан асыл жәдігері ол – қасиетті қара домбыра. Атадан балаға аманат болған осындай асыл қазынамызды қадір тұту – бәріміздің қасиетті борышымыз. Жоралы жұртымыздың қатпар-қатпар тарихынан, асу да асу кезеңінен сыр шерткен күй-толғау, сыңғырлы сұлу ән-әуен құлағымыздан кетпесін! Әр шаңырақтан ән-күй үзілмесін! Домбыра күні мерекесі құтты болсын!» – деді мерекелік шараға қатысқан аудан әкімі С. Сермағамбетов.

Шара барысында ұлы өнерді кейінгі ұрпаққа ұлықтау мақсатында аянбай еңбек етіп жүрген бірнеше белігілі күйлердің авторы, асыл мұраның жанашыры, күйші-композитор Мұрат Сыдықов пен күй қазынасын өскелең ұрпаққа мұра еткен күйші, 25-ке тарта күйді дүниеге әкелген – сазгер Жұмабай Жақып аудан әкімінің құттықтауымен марапатталып, қазақы дәстүрмен шапан жабылды.

Мерекелік жиынға арнайы келген Мәжіліс депутаты Геннадий Шиповских қазақ үшін қасиеті мол қара домбыра ұлықталған шараның маңызына тоқталып, өскелең ұрпақ үшін мәні зор игілікті іске куә болғандығына қуанышты екендігін жеткізіп, барша аралдықтарды мерекемен құттықтады.
Одан соң, ҚР – ның Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР ның мадениет қайраткері, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері, Арал ауданының «Құрметті азаматы», ақын – жырау, күйші – композитор Мұрат Сыдықов киелі аспаптың құдіреттілігін тарихта болған аңыз-әңгімелер арқылы жиналған жұртшылыққа мәлімдеді.

Ұлттық аспап айрықша ұлықталған тағылымды шарада «Мұраттың төкпесін» күй авторы нақышына келтіре орындаса, күйші-сазгер Жұмабай Жақып тартқан «Қара жорға» күйіне көпшілік ерекше ілтипат білдірді.

Сондай-ақ, сахна төрінде жас домбырашылар Құрманғазының «Балбырауын», «Ерке сылқым» «Адай» , Нұрғисаның «Әлқисса» күйлерін күмбірлетті.

Сонымен бірге мерекелік шарада жыршы-термешілер домбыраны әуелеген әндеріне арқау етіп, жиналған қауымға ерекше әсер сыйлады.