Kyzylorda-news.kz.  Әр дәуірдің өз талап-тілегі бар. Жаһандану дәуірі есік қаққалы жұрт жаңа технологияның тілін меңгеруге көшкен. Заманның көшінен қалмау – уақыт талабы. Осы тұрғыда қабылданған «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы технологиялық тұрғыда дамуға қол жеткізеді. Сонымен қатар, IT бағдарламалар шығындарды азайтып, уақытты үнемдеуге көмектеседі, адамдар өзара ақпарат, тауар және қызмет түрлерін алмаса алатын болады. Осыған орай қазіргі таңда электронды түрде қызмет жасап отырған аудандық архив филиалының жұмысы туралы айтпақпыз.

Өткенге үңілсек, құжатсыз архив, архивсіз тарих, тарихсыз мемлекет болмайды. Бұл –аксиома. Сол себептен де егемендігіміздің құжаттық негізі болып саналатын «Арал аудандық архиві» филиалының орны ерекше. Құрылғанына осы жылдың 1 шілдесінде 60 жыл толған мерейтойы аудан тарихындағы айтулы мереке. 

1963 жылғы 1 шілдеде қалалық атқару комитеті президиумының «Арал аудандық архиві филиалын құру туралы аудандық мекемелердің, кәсіпорындардың, колхоздардың, МТС совхоздарының және ауыл советтердің архив материалдарын ретке келтіру туралы» қаулысы қабылданғаннан бері 60 жыл өтіпті. 

Құрылған күнінен бастап 60 жыл бойы архившілер өздерінің басты қызметі – Қазақстан Республикасының Ұлттық архив қорын құруға, оны сақтауға және қоғамның даму мүддесінде жанжақты пайдалану ісімен шұғылданып келеді. Қазіргі таңда Арал аудандық архивінде аудан экономикасы мен мәдениетінің жай-күйі, әлеуметтік-құқықтық және экономикалық дамуы туралы құнды ақпараты бар жазба және электронды нұсқада 60000-ға жуық құжат сақталуда. Мекемелер мен кәсіпорындардың құжаттарымен қатар Арал ауданының көрнекті қоғам және саясат, мәдениет қайраткерлерінің, жазушылардың, ғалымдардың, Ұлы Отан соғысына, Ауған соғысына қатысушылардың және тағы басқа 50-ге жуық жекеленген қор сақталған. Қоғамдық сананы қайта құру, дәстүрлі құндылықтардың оралуы тарихи процесті шынайы дерек арқылы тануға көмектесетін архив құжаттарына деген қызығушылықты айтарлықтай арттырды. Мұның бәрі мемлекеттік архивтің тек құжаттар қоймасы ретінде ғана емес, мәдени-ағартушы, патриоттық және адамгершілік қасиетті нығайтатын орталық ретінде маңызының артуына ықпал етті. Архив құжаттарына қол жеткізуді теңдестіру, оларды құпиясыздандыру, өлкетануды жаңғырту Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы жылдарында Арал аудандық архивінің оқу залына келетін зерттеушілер санының артуына себеп болды.

Өлкетанушылар, зерттеушілер ғылыми еңбектер жазу үшін қажетті ғылыми-тарихи және дереккөздік археографиялық базаны құра бастады. Зерттеушілер қатарында кәсіби тарихшылар, өлкетанушылар , студенттер мен оқушылар басым, сондай-ақ аудандық түрлі мекемелерінің өкілдері де кездеседі. Архивтің оқу залында отандық зерттеушілерден басқа жақын және алыс шетелдік ізденушілері де жұмыс істейді. Айта кету керек, шетелдік зерттеушілер Арал балық комбинаты құжаттарынан аудан тарихына қатысты құжаттарды зерттеп, ғылыми еңбек жазды.

«Архив және болашақ ұрпақ» республикалық жобасы аясында «Ашық есік» күнін өткізу архивтік құжаттарды пайдалануды ұйымдастырудың өзекті нысаны болып табылады. Барлық архив өз қызметін үш бағытта жүргізеді. Архив құжаттарын жинайды, оны сақтайды және ол құжаттарды пайдаланады немесе ғылыми жариялайды. Соңғы уақытта зерттеушілерге, архив мекемелерінің мамандарына ғылыми, өлкетану және өзге де мақсаттарда ақпаратты жедел іздестіруде және пайдалануда баса көңіл бөлінді. Архив құжаттарынан «Аралдықтар Ұлы Отан соғысында» кітап дайындалып, оқырмандарға таныстырылды. Арал ауданының әкімшілікаумақтық құрылысы бойынша, Кеңес билігінің Арал ауданында орнауы туралы, аудандағы арнайы қоныс аударушылар туралы тағы басқа құжаттар мен материалдар бұған дейін де жергілікті басылымдарда жарық көріп келеді. 

Мемлекеттік архивтің ақпараттық қызметінің нысандарының бірі – жеке және заңды тұлғалардың заңды құжаттар мәртебесі бар, қазақстандық және шетелдік азаматтардың заңды құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз ету мақсатында архив құжаттары бойынша орындалған архивтік анықтамалар, архивтік үзінді көшірмелер, архивтік көшірмелер түріндегі сұрау салуларын орындау болып табылады. Қазіргі қоғам құжаттамалық қамтамасыз етуді реттеуге, электрондық құжат айналымын енгізу мәселелерін шешуге архив қызметінің көбірек қатысуын талап етеді. Архив құжаттарын пайдалану саласында ақпараттық-технологиялар маңызды рөл атқарады. Қазір бұл басым бағыт болып табылады, соның арқасында аудан архивінде жаңа IT технологиялар енгізілуде. Архивтің бірыңғай ақпараттық кеңістігін қалыптастыру үшін қағаз және аудиовизуалды ақпарат құралдарында сақтау бірліктерінің әр түрін цифрландыру арқылы бірыңғай деректер базасы құрылады. Архив ісінде ақпараттық технологияларды қолдану әртараптандырылуда, олар архив жұмысының барлық бағыттарына біртіндеп еніп, күнделікті архив өмірінің ажырамас бөлігіне айналуда. Архив қызметінің қалыптасу кезеңі мен тарихи байлықты ғана емес, тарихи ақиқатты сақтау жолында өз жұмысын асқан ынта-ықыласпен атқарып, ондаған жылдар бойы өте күрделі, кейде тіпті мүмкін емес міндеттерді шешкен, аса қиын кезеңде архив ісіне адал болған азаматтардың еңбегі елдің есінде болар. Бұл салада Арал аудандық архиві филиалының бірінші басшысы Ы.Махатовтың, Ж.Жантілеуовтің есімі ел-жұртқа етене таныс. Сондай-ақ аудандық архив қызметін кешенді қайта құруды бастаған Б.Қуатовтың, сондай-ақ Г.Қазанқапованың, архивистер Р.Исламханова, Қ.Арғынғазиевтің, инспектор Р.Тлеуованың өзіне бекітілген аса құнды құжат дереккөздерін жинау және сақтау үшін барлық күш-жігерін жұмсаған архив ісі саласының майталмандары екенін айта кету керек. 

Иә, архив – тарихтың қайнар көзі, өткеніңе үңілдіріп, санаңа жарық саңылау сыйлар тарихи құнды құжаттар ордасы. Хатталған тарих пен тасқа басқан ақиқаттарды келер ұрпаққа аманаттау жолында табанды еңбек ететін архившілердің жұмысы әрқашан жоғары бағалануы тиіс. Өйткені олардың жұмысы соған лайықты.

Тағы да оқыңыз: