Kyzylorda-news.kz  Жақында аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың өкімімен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы болып Анар Қалдыбаева тағайындалған болатын. Бүгін жаңа қызметтке кіріскен бөлім басшысы Анар Сраждинқызы мәдениет саласы ардагерлерімен кездесіп, ақ батасын алды. Мән-мағынасы зор кездесуге кәсіпорын басшылары мен сала ардагерлері қатысты.

Келелі жиынды аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Анар Қалдыбаева ашып, басқосудың маңыздылығына тоқталды.

– Мәдениет – ұлт өмірінің айнасы. Ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан халықтың рухани келбеті. Өзіндік биігі, пайымы мен парасаты. Мәдениетте мәнді, өнерде өрлі істер болуы тиіс. Қазақта «Ел іші – өнер кеніші» деген аталы сөз бар. Бүгінде барлық елді мекен мен Тереңөзек кентінде мәдениет ошағы халық игілігі үшін қызмет етуде. «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығы тұжырымдамасы негізінде 7 бағыт бойынша сала мамандары кешенді іс-шараға иек артады. Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі мен музей жергілікті тұрғындар үшін жұмыс жасай береді. Алдағы уақытта сан саланың басын біріктіретін ауданымызда «Руханият орталығы» жұмысын бастайтын болады. Сіздермен бас қосқанымыздың басты себебі ауылдық жерлердегі мәдениет ошақтарында жұмыс жасаған тұста жинақтаған тәжірибелеріңізге барынша қанығу болатын. Өз ауылдарыңызда өткізілетін барлық іс-шараға қатысып, құнды пікірлеріңізді ортаға салғандарыңызды қалаймыз. Бұның өзі – біз үшін үлкен көмек. Мәселен, білім саласындағы ардагерлер ұдайы туындаған мәселеге үн қосып отыратынын білеміз. Біз Сіздерден барынша зор қолдау күтеміз. Ауданның мәдениет саласында елеулі еңбек еткен ардагерлер арасында бастауыш ұйым жаңғыртылса деген ұсынысым бар. Бастауыш ұйымның өзіндік жоспары жасалып, өздеріңізден кейінгі сала басшыларына, мамандарға зор көмек көрсетуге ықпал етсеңіздер, – деді бөлім басшысы.

Кездесу барысында сала ардагерлерінің өмір жолын жан-жақты дәріптейтін арнайы бейнеролик көрсетілді. Қызылорда облысының құрметті азаматы, сазгер Рамазан Тайманов ақжарма тілегін жеткізсе, сала ардагерлері Жанібек Маханбет, Жантемір Айсин, Сансызбай Сәдуақасов, Баян Сүюбаева, Нұржамал Жүзбаева, Күләш Құдабаева, Жұмағазы Оразов, Рахима Досжанова бөлім басшысын жаңа қызметімен құттықтап, ақ батасын берді. Мәдениет саласын дамытуға байланысты өз ұсыныстарын жеткізді.

Ерекше тебіреніске толы басқосуда аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Анар Қалдыбаева жиналған көпшілікке сый-құрмет көрсетті. Өткен ғасырдың бел ортасынан бастап, қажырлы еңбек еткен сала ардагерлері естелік суретке түсті.

Балтабай ОРДАБЕКОВ

Тағы да оқыңыз: