«Адам ұрпағымен мың жасайды» деген  халық даналығында тағылымы мол, мән-мағынасы өте терең сөз бар. Иә, шынында да ұлағатты ұл мен қыз өсіріп, оларға білім мен тәрбие нәрін беріп, кейіннен сол ұрпағыңның жақсы жетістіктерін көруден артық жақсылық, қуаныш бар ма! Сексен жастың сеңгіріне қадам басқан Аманкелді Шәкірұлын сондай тұлғалар санатынан десек қателеспейміз. Ардақты ардагер 80 жасқа зор абыроймен, қуанышпен жетіп отыр деп айтуға болады.

     Ардақты ардагер Тереңөзек ауданына қарасты Үлгі ауылында өмірге келген. Әкеден жастай айырылып, тұрмыстың тауқыметін тартқан ол отбасында төрт ағайынды болған. Бізге өзінің өткен өміржолы туралы әңгімелеуді осыдан бастаған Аманкелді Шәкірұлы өткен күндерін ой елегінен өткізді.

     – Әкем Шәкір 1949 жылы қайтыс болды. Ол кезде арамыздағы үлкеніміз Мұхамедияр 13 жаста, апам Бибажар 8 жаста, мен 6 жаста, ал інім Өтеген алты айлық болатын, – деді ардагер. 

     А.Шәкірұлының айтуынша, әкесінің өмірден өткені ол кезде кішкентай болса да есінде сақталып қалған екен. Ол уақытта әлі тоқшылық заман болмаған кез екен. Десе де қасиетті қарашаңырақтан қонақ үзілмейтін. Әкесі тірі кезде де, өмірден өткен соң да ауылға келген уәкілдер, қонақтар Шәкір ақсақалдың шаңырағына жиі бас сұғып, қонақ болатын. Бұл отбасының қонақжайлылығын, кісі жатырқамайтын қасиетінің өте жоғары деңгейде бағалайтынын осыдан-ақ белгілі сияқты. Айта кету керек, бұл жақсы қасиет ұрпақтарына да сіңісті болып, осы уақытқа дейін жақсы дәстүр лайықты жалғасып келеді. Ардагер бізбен әңгіме барысында өмірлік жолындағы ұстаздары, алғашқы еңбек жолының басталуы, қызмет бабындағы әріптестері мен достары, достары, жетістіктері жөнінде айтып берді. 

     – «...аудандық ауылшаруашылық басқармасы бөліміне техника қадағалау инспекторының көмекшісі болып орналастым. Бұл жұмысты алты ай атқардым. Одан кейін мені аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі К.Наурызбаевтың шақыртуымен, аудандық ДОСААФ ұйымының төрағасы қызметіне орналасу жөнінде ұсыныс айтылып, бағыт-бағдар берді. Аудандық ДОСААФ ұйымының төрағасы аудандық партия комитетінің бюросында бекітілуі керек екен. Бірінші хатшы Қонысбек Қазантаев іс-сапарда болғандықтан бюроны аудандық партия комитетінің үшінші хатшысы Көбейсін Исаев жүргізді. Сөйтіп, менің ДОСААФ ұйымын 13 жыл 4 ай басқардым. Ұйымда қызмет атқарған оқытушы нұсқаушылар мен техник қызметкерлердің барлығын ілтипатпен еске аламын» , – дейді Аманкелді Шәкірұлы.

     Бір айта кететіні бұл туралы кейіпкеріміз өзінің «Өмір иірімдері» атты ғұмырбаяндық кітабында да кеңінен жазған. Ол туралы біз өткен жылы жергілікті басылымда жазған болатынбыз. Сол туындысында қазыналы қария қызмет бабында аудандық партия комитетінің үшінші хатшысы Көбейсін Исаев пен аудандық спорт мектебінің директоры Кеңес Иноятовтың ақыл-кеңес бергеніне, өмірлік мол тәжірибесімен бөліскеніне аса назар аударып, дәстүрлі қой төлдету науқанының өзіндік қиыншылығын қарапайым тілмен суреттейді. Бұл сол кезеңдегі қызмет пен қоғамдық жұмыстардың қарқынды түрде қатар жүргізілгенін аңғартады. Сонымен қоса бірлесе отыра атқарған жұмыстардың нәтижесінде А.Шәкірұлы басқарған ұйымдағы штат саны 16 бірлікке ұлғайғанын, 3 жүк көлігі, 1 жеңіл автокөлік, 10-ға жуық жол және спорт мотоциклдері сатып алынғанын, 1974-1987 жылдары ұйымның аудандағы іргелі мекемеге айналғанын атап өтуіміз қажет. Сондай-ақ А.Шәкірұлы 1968-1969 жылдары Жалағаштағы №150 кәсіптік-техникалық училищеде спорт нұсқаушысы қызметін де атқарған. Мұнан соң, яғни 1969-1973 жылдары аудандық дене шынықтыру және спорт комитетінің төрағасы ретінде қызмет етті. 1988-2007 жылдары Сырдария аудандық мемлекеттік техника қадағалау инженер-инспекторы қызметтерін атқарғанын, қызметте елге белгілі азаматтармен әріптес, сыйлас, сапарлас, замандас болғанын да айтып өткеніміз абзал. Ең бастысы, қай қызметті атқарса да тапсырылған жұмысқа тиянақты болған кейіпкеріміз жақсы нәтижелерге де қол жеткізе білген. Бұл А.Шәкірұлының ыждағаттылығын және әр іске мұқият қарайтынын білдіреді.

     Сексен жасқа сергек жеткен ардагердің әңгімесінен және біз толық оқып шыққан кітаптағы анасы Рахила жайлы жазған естелігінен әулеттің тектілігін, қонақжайлылығын аңғаруға болады. Сондай-ақ, А.Шәкірұлының бауырларына, достарына, көршілеріне құрметі мен ықыласы өте ерекше. Оның ішінде, жары Орынкүл Жәркенова екеуі бағып-қағып өсірген ұлағатты ұрпақтарына деген көңілі тіптен ерекше. Әр баласының жетістігін, еңбектегі нәтижелі істерін үлкен мақтанышпен айтатын қария шыққан тегі мен бабалар шежіресіне, оны ұрпақтар санасына сіңіруге жіті мән береді.

     – Шығыс даналығында «Өмір – теңіз, жүзем онда демеңіз, ізгіліктен жасалмаса кемеңіз» деген сөз тағылымы мол сөз бар екен. Меніңше, ізгілік деген – адал еңбек, ұлағатты ұрпақ, ағайын-туысқа қамқорлық. Кім болсаң да, қандай қызмет атқарсаң да отбасы құндылығын ұмытпау керек деп есептеймін. Мәселен, қызмет – уақытша берілетін мүмкіндіктердің бірі. Оны дұрыс пайдаланып, жақсы жетістікке жете білгенде ғана сыйлы, құрметті боласың. Өзім еңбек жолыма да, өмір жолыма да өте дән ризамын. Қызмет бабымен талай азаматтармен кездесіп, сұхбаттастым, сырластым, сапарлас болдым. Мәселен, ДОСААФ мекемесінің орталық ұйымының басшысы, генерал-майор Б.Байтасовпен кездесуім әлі күнге дейін есімде. Жақсы естеліктер жадымда біршама. Бәріне шүкір деймін, – дейді Аманкелді Шәкірұлы.

     Ардақты ардагер ұзақ жылғы қажырлы еңбегі үшін түрлі марапаттарға да ие болған. Атап айтқанда, «Сырдария ауданына – 90 жыл», ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агро­өнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің аумақтық басқармасының құрылғанына – 20 жыл, «ДОСААФ Орталық комитетінің құрылғанына – 50 жыл, 90 жыл» медальдарымен, «Ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің «Құрметті ардагер» төсбелгісімен, аудан әкімдерінің алғыс хатымен марапатталған. Ауданымызда мемлекеттік техника қадағалау инспекторы қызметінде адал қызмет жасап, абыроймен зейнетке шыққан қария «Жаным – арымның садақасы, арым – жанымның садақасы» деген қағидамен өмір кештім» дейді.

     Бүгінгі таңда қарияның ұл-қыздары өсіп, жетілген. Балалары түрлі салада еңбек етіп жүр. Үйдің үлкені әрі тұңғышы Қайрат облыстық табиғи ресурстар басқармасына қарасты «Табиғат» мекемесінде басшының орынбасар болса, ал Бақыткүл аудандық аурухананың дәріхана меңгерушісі қызметінде. Кенже ұлы Нұрлыбек көп жылдар бойы салық органдарында басшылық лауазымдарда еңбек етті, қазіргі кезде салық салу бойынша консалтингтік қызметтерін көрсететін «NUR CONSULT KZ» ЖШС директоры. А.Шәкірұлы мен О.Жәркенова ұл-қыздарынан 15-тен астам немере, 10-ға жуық шөбере сүйіп отырған жайы бар. Немере-шөберелер де ата-әжелерінің, әке-аналарының сенімі мен үмітін  ақтап, бас қаламыз Астанада, өңірімізде еңбек етіп, оқуларын үздік оқып жүр.

     Айтары бар ақсақалмен сөйлесіп, пікірлесу, әңгімелесу арқылы адам өмірінің қызықты да қуанышты, сынақты да сындарлы сәттері мен ұмытылмас кезеңдері жөнінде көп ой түйдік десек болады. Сексенге келсе де қолынан қаламын тастамаған қария қызметтегі адалдық пен ізденісті, азаматтар арасындағы сыйластық пен бауырмалдылықты насихаттауды азаматтық парызы деп санайды. 

Тағы да оқыңыз: