Kyzylorda-news.kz. Әр жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін балалардың сүйікті байқауы жоғары деңгейде ұйымдастырылады. Алатау бөктерінде жүзеге асқан аталмыш байқауға Сырдария ауданының өнерпаз өрендері де катысып, жүлделі орындарға қол жеткізді.
Алматы қаласында 1-5 маусым аралығында өткен балалар шығармашылығына арналған "Бозторғай" халықаралық конкурсы өз мәресіне жетті.
Конкурсқа Беларуссия, Латвия, Өзбекстан, Болгария, Украина, Тәжікстан, Қырғызстан және Қазақстан Республикасынан 1100-ден аса жеке орындаушылар мен аспаптық ансамбльдер және би ұжымдары, ән, би, терме, күй жанрлары бойынша үздіктер қатысты.
Қазылар алқасының құрамында Қазақстан Республикасының атынан Қазақстанның Халық әртістері Нағима Есқалиева, Лаки Кесоглу, ҚР Еңбек сіңірген қайраткерлері Айгүл Үлкенбаева, Рамазан Стамғазиев, Әлішер Каримов, композитор Бейбіт Оралұлы және де өзге мемлекеттерден арнайы шақыртылған әділ қазы алқалары төрағалық жасады.
Отандастарымыздың арасында Аманкелді ауылынан өнер көрсеткен өнерпаздарымыз жүлделі орындармен оралды. Жеңімпаздардың қатарында бас жүлде иемденген Дінмұхамед Алмасұлы. Лауреат атанған Диас Берлібек, жетекшісі Дайырханов Қожаберген. Хореография жанры бойынша 11-13 жас аралығы “Балдәурен” би тобы, жетекшісі Гүлсім Иманбердиева, вокал жанры бойынша 14-17 жас аралығы Батыржан Аманкелдиев, жетекшісі Қожаберген Дайырханов – бірінші орын алды. Жеке аспапта ойнау жанры бойынша 14-17 жас аралығы Батыржан Аманкелдиев, жетекшісі Ғазиз Жұбанов үшінші орын жүлдегері атанды.
Ауылдың өнерлі өрендерімен Алматы шаһарына барып, халықаралық байқауға қатысып қайттық. Өнерпаздар керемет өнер көрсетті. Киелі сахнада ән шырқап, би биледі. Қазақтың дүлдүл өнер иелері балалардың дайындығына ризашылықтарын білдірді. Алдағы уақытта аманкелділік өнерпаздар көптеген байқауларды бақ сынайтын болады. Өнер фестиваліне қатысуға қолдау білдірген демеушілерге алғыс айтамыз, – дейді Аманкелді ауылдық мәдениет үйінің директоры Гүлайна Нартайқызы.
Сыр елінің атын, туған жер Сырдария ауданын әлемге танытар өнерпаздарымыз қанатты талмай, биікке самғай берсін. Өнерлі бүлдіршіндердің келешегі кемел, болашағы жарқын болсын!