Kyzylorda-news.kz Отбасы құндылықтарын дәріптеп, жанұя мүшелерінің қарым-қатынасын нығайту, зияткерлік әлеуетін арттыру мақсатында «Анаға тағзым» орталығының ұйымдастыруымен «Алтын Ұя» отбасылық квесті өтті. Қызылорда қаласының астана болғаны әрі «Қазақ» атауы ресми бекуінің 100 жылдығына орай квест Отбасы орталығынан бастау алып, қалада жаңадан бой көтерген облыстық тарихи-өлкетану музейі, Теннис орталығы, «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясында өрбіді.
Шарада облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Жанмұрат Сейілов сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Білімді, коммуникативті, ізденімпаз әрі тапқыр отбасыларды даралайтын топтық квест ойынға облыс бойынша 10 жанұядан құралған 40 адам қатысты. Командалар әр локацияда аймақ және ел тарихы, мәдениет және спорт, білім салаларына қатысты жасырылған 45 сұраққа QR код арқылы жауап берді. Сайыс барысында қатысушылар өзара бақ сынаумен қатар, қаланың көрікті орындарында болып, әрбір ғимараттың тыныс-тіршілігі, жұмыс бағытымен танысты.
Зияткерлік ойын «Отбасы» орталығында қорытындыланып, жеңімпаздарға облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысының алғыс хаттары және бағалы сыйлықтары табысталды. Атап айтқанда, жүлделі 3 орын Сайлауовтар отбасына бұйырса, Базарбаевтар отбасы 2 орынды қанжығалады. Қармақшылық Қозыбақовтар жанұясы 1 орынды жеңіп алса, бас жүлдеге Қашқынбаевтар отбасы лайық деп танылды. Айта кетейік, барлық қатысушылар бағалы сыйлықтармен марапатталды.