Kyzylorda-news.kz Талантты ақын Ақжол Түменбай Шымкент қаласында өткен дәстүрлі «Күміс қалам – 2025» республикалық жазба ақындар дуэлінде бас жүлдені жеңіп алды.
Жыл сайын еліміздің Оңтүстігі - Шымкент қаласында поэзия әлеміне қадам басқан жас таланттарды қолдау, олардың шығармашылығына қанат бітіру мақсатында «Күміс қалам-2025» республикалық байқауы өткізіліп келеді.
Биылғы жылы Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында 4-ші мәрте ұйымдастырылған байқауға қазалылық жас ақын, қазақ эстрадасындағы бірнеше хит әндердің авторы Ақжол Түменбай қатысып, бас жүлдені жеңіп алды. Республикалық байқауда жеңімпаз атанған жерлесімізге арнайы естелік сыйлықпен қомақты жүлде 1 000 000 теңгенің сертификаты табысталды.
Ақжолдың бірнеше өлеңіне сазгерлер ән жазған. Көптеген өлеңі түрлі баспа беттерінде жарияланып жүр.
Ол Қазалы ауданындағы Ақтан батыр ауылының тумасы. Аудандық, облыстық, республикалық мүшәйралардан жүлдесіз емес, Ғ.Мұратбаев атындағы республикалық жастар сыйлығын иеленді. Оның қаламынан туған «Әке», «Сүйемін», «Өз жүрегіңнен ұялмайсың ба?» деген туындылар эстрада әншілерінің хит әніне айналған.