Kyzylorda-news.kz Қазақ музыкасын зерттеуші атақты сазгер, дирижер Ахмет Жұбанов «Музыка адамның ішкі жан дүниесін байытып, әр дәуірдегі қоғамдық өмірдің түрлі құбылыстарын дұрыс түсінуге көмектеседі» деген екен. Бұл пікірді «Ел іші – өнер кеніші» деп қуаттай түсуге болатыны рас. Бұл орайда Шаған ауылдық өнер мектебінің өрісі кеңейгенін, Ақжарма ауылында филиалының ашылғанын оқырман қауымға сүйіншілеп хабарлауды жөн көрдік.

Бірден айта кетейік, Шаған ауы­лындағы өнер мектебінің Ақжар­мадағы филиалын ашуға ұлағатты ұстаз Қынаш Әуелбекова себепкерп атанған. Ардагер облыс әкімі Н.Нәлі­баев­тың қабылдауында болып, өз ұсынысын жеткізген. «Мақсатым – өнерге құштар ауыл балаларына қолдау көрсету еді» дейді білім сала­сының ардагері.

– Аймақ басшысы өңірдің өнер, мәдениет, білім саласына ерекше мән беруде. Биылғы жылдың «Руханият жылы» деп жарияланғаны да терең ізденістің, жанашыр көз­­қарас­тың жемісі. Осы ретте, Нұрлыбек Машбекұлының қабыл­дауында болып, ауылымыздан өнер мектебінің филиа­лы ашылса деп ұсынысымды айттым. Аймақ басшысы өз қажет­тілігім­ді емес, қоғам мүддесін көтер­геніме назар аударып, қолдау білді­ретінін, ұсыныс орындалатынын айтты. Бұл өнерге құштар, талапты, талантты ауыл балалары үшін ерекше сый болды, – дейді Қынаш Әуелбекова.

Жақында өнер мектебінің Ақжарма ауылдық филиалының өнер­­паздары көрермен қауымға ар­найы концерттік бағдарламасын ұсынды. «Өнерге қанат қаққандар» атты іс-шараға аудандық білім бөлі­мінің әдіскері Ғ.Бақтиярова, Шаған өнер мектебінің директоры Д.Әлиев және ауыл тұрғындары қатысқан болатын. Іс-шарада ауыл өнер­паздары әуе­лете ән шырқап, мың бұрала биледі. Өнерлі өрендер сондай-ақ түрлі аспаптарда ойнап, көрермен қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Концертте Өнер мектебінің Ақжарма ауылдық филиалының ашы­луына ұйытқы болған Қынаш Әуелбековаға аудандық білім бөлімі бас­шысының, кәсіподақ комитеті төрағасының Алғыс хаты беріліп, сый-құрмет көрсетілді. Сәні мен салтанаты жарасқан іс-шарада ардагерлер сөз сөйлеп, тілектестігін білдірді.

Айта кету керек, жаңадан ашыл­ған филиалда домбыра, би, баян үйірмелері жұмыс істеуде. Онда 50-ге жуық бала білікті ұстаздардан өнердің қыр-сырын меңгеруде.

Тағы да оқыңыз: