Kyzylorda-news.kz. Америка Құрама Штаттарының Алматыдағы бас консулы Кэролайн Сэвидж іссапармен Сыр еліне келіп, Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасына ат басын тіреді.

Кітапханадағы кездесуге ардагерлер, жазушылар, жастар ұйымдарының өкілдері, кітапхана оқырмандары қатысты.

Жылы жүздесу Қорқыт ата университетінің жанынан құрылған жастар  театры дайындаған «Әуезовтің ой толғауы» спектаклінің үзіндісімен басталды. Мұнан соң Кэролайн Сэвидж сөз сөйлеп, кітапхана сөресіне М.Әуезовтің «Америка әсерлері» кітабын тарту етті.

Абайды әлемге танытқан, қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық мерейтойына орай шығарылған бұл кітап әзірше Алматы және Қызылорда кітапханасының қорындағы ағылшын тілінде жарық көрген  құнды сыйлық болып отыр.

1960 жылы қазақ жазушысы Мұхтар Әуезов КСРО-дағы Л.Леонов, О.Гончар, С.Щипачев секілді бірнеше әріптестерімен АҚШ Мемлекеттік департаментінің шақыруы арқылы Америкаға сапарлаған.

Әуезов сол сапарда Нью-Йорк, Вашингтон, Аризона мен Калифорния штаттарын бір ай бойы аралап, көрген-білгендерін жолжазба жинағына түсірген. Жолжазба Американың сол замандағы әралуан саладағы жетістіктерін, табиғатының сұлулығын және халқының тұрмысын сипаттаған.

Осы сапарынан бір жыл өткен соң 1961 жылы жазушы қайтыс болып, жолжазбасы аяқталмай қалады. Алайда, шығарма сол қалпында-ақ тарихи құндылығын сақтап қалған.

Қазақстандағы АҚШ дипломатиялық миссиясы 2021 жылы Қазақстанда тұратын америкалық гид және оқытушы Деннис Кинмен бірігіп, Әуезовтің Америка сапарының жолжазбаларын ағылшын тіліне аударып, алғаш рет кітап етіп басып шығарды.
Бас консул осы жайында айтқан сөзінің жарысын қазақ тілінде жеткізді.

Кэролайннің қазақ тіліне деген қызығушылығы мен тіл үйренудегі талпынысы – жастарға үлгі боларлық қадам.
Кездесуге қатысқан облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Мира Қазбекова бұл күнгі шараның маңыздылығына баса тоқталып, Бас консулға алғыс білдірді.

«Абайды Әлемге танытқан Мұхтар Әуезовтің «Америка әсерлері» кітабын тарту етуіңіз – біз үшін баға жетпес сый, кейінгі ұрпаққа үлкен мұра. Бұл туындының кітапханадағы ағылшын тіліндегі маңызды әдебиеттерден ұйымдастырылған Америка бұрышын толықтырары сөзсіз. Алдағы кезеңде де екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастығымыз арта түседі деген сенімдеміз», – деді М.Қазбекова. Сонымен бірге басқарма басшысы Бас консулға Мұхаммед Қайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» еңбегін сыйға берді.

Кітапхана басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты  Н.Мыңжас «М.Әуезовтің қазақ мәдениетіне әсері» атты баяндама жасап, ұлы жазушының қазақ руханияты мен әдебиетіне қосқан зор үлесін, халықаралық деңгейдегі орнын атап көрсетті.
«Кітап құрттары» клубының мүшесі Қадыр Мырза Әлінің «Әуезовке арнау» өлеңін оқыды.

Қонақтар «Әлем таныған Әуезов» кітап көрмесімен, «Шаңырақ» интеллект орталығымен, Қалтай Мұхамеджанов залымен және Ә.Тәжібаев мұражайымен танысып, Америка бұрышында видео түсірілім жасады.

Көп жағдайда аудармашының аузына қарай бермейтін Кэролайн Сэвидж БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында ынтымақтастық бағытындағы өзара іс-қимылдардың жалғаса беретіні туралы ойын жеткізді.
 

Тағы да оқыңыз: