Kyzylorda-news.kz. Кішкентайынан күйшілікке өлең-жырды мәнерлеп оқуға тыңдарман жүрегіне жеткізе білуге қазақтың салты мен дәстүріне берік, қазақ әдебиетінің олжалы оқырманы, ара-тұра қалам алып, өлең жазуға икемі бар жан туралы қалам тербемекпіз. Бұл өнердің бәрі ақиық ақын Асқар Тоқмағамбетов ауылының өнерлі қызы Ақниет Базарбаеваның бойынан табылатыны сөзсіз.
Мектеп қабырғасында жүрген кезінен қалам мен қағазға жақын болып, өлең шығаруды серік еткен қыз бүгінде туған жерден түлеп ұшып, студент атанған жас талант жерлестерінің мақтанышы.
Оның жасы – жиырмада. Ол – Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университетінің 4-курс студенті. Осы күні халық аспаптары, оның ішінде домбыра мамандығын игеріп, ұлттық өнерді ұлықтап жүр.
– Бастапқыда арманым журналист болу еді. Кейін тағдырдың бағыты мен мүмкіндіктерге орай осы мамандыққа бет алдым. Жалпы, домбыра тарту, күй шерту маған таңсық емес. Бойымдағы қасиет маған әкемнен дарыған. Отбасымызда барлығы домбыра шертеді. Әрине, кәсіби түрде, нотамен болмаса да, «әу демейтін қазақ жоқ» дегендей, ән-күйге отбасымызбен жақынбыз. Менің атам бір емес, бірнеше аспапта ойнайтын. Атамның үйіне барғанда түрлі аспаптарды көріп, қатты қызығатынмын. Ол кісі маған «Би» деген күйді ойнап берген еді. Өкінішке орай, қазір атам ортамызда жоқ. Бірақ дәл сол күйді тартып бергені әлі күнге кешегідей көз алдымда. Тіпті атамды түсімде жиі көремін, өнер жолында мені желеп-жебеп жүрген шығар деп ойлаймын, – дейді жас талант.
Одан кейін кейіпкеріміз болашақ мамандығына қалай келгенін әңгімелеген еді.
– 2-сыныпта оқып жүрген кезімде анам домбыра сыныбына берді. Гүлназ Сералиева есімді апайым мені домбыра аспабына баулыған болатын. Әйтсе де, домбырамен бірден «достасып» кете алмаған едім. Гүлназ апайымның мінезі қаталдау еді. Оның үстіне өзімнен де бар, жалқаулыққа салынып, алғашқы күннен үйге берген тапсырманы орындамай барғанмын. Бірақ мұғалім ол үшін ұрыспады, ұзақ лекция да оқымады. Бар болғаны, көзіме тіке бір қарады. Сол көзқарастан мен кейін көп нәрсе ұқтым. Бірақ сол кезде баламын ғой, жылап қайтқаным есімде. Әкем мені қорғаштаса да, анам бастаған істі аяқсыз қалдыруға болмайтынын айтып, домбыра сыныбын ақыры бес жыл бойына үздік оқып, тәмамдадым. Әр ісіме қолдау көрсетіп, әркез ақыл-кеңесін аямайтын, үлгі-өнеге көрсетіп, бізді өсірген ата-анама алғысым шексіз, – дейді Ақниет Айнабекқызы.
Әкенің қанынан, ананың ақ сүтінен нәр алып, үлкен өмірге қадам басқан Ақниеттің бойындағы өнер де, талант та ата-анасынан дарып әрі тәрбиемен келгені жасырын емес. Асқар тауы домбыра шерткенімен қоса кейде өлең шығарып, бата шығарып, кейінгі буынға үлгі көрсете біледі. Ал анасы негізгі жұмысынан бөлек кітап пен газет оқуға құштар жан екен. Ақниет отбасында төрт ағайынды. Екі ағасы мен әпкесінің ортасында еркелеп өскен ол – үйдің кенжесі. Кішкентай кезінде өлең құрастырып, машықтанған кейіпкеріміз түрлі мүшәйраларда да топ жарғанымен, бой жете келе өлең жазуды көп қолға алмағанын айтты. Тіпті бала күнінде анасына арнап жазған алғашқы төрт қатар өлеңін әлі күнге сақтап қойған екен. Ал өлең-сөзді мәнерлеп оқуға машықтанған Ақниет поэзия оқығанда ең бастысы «жүректен-жүрекке жеткізе алу керек» дейді.
Қазіргі уақытта сол бір балалық шақта қырсықтықпен жарты жолдан тастап-ақ кетпек болған домбырасы кәсібіне айналып, балалық қылығын есіне алған Ақниет әр істе жауапкершілік пен ынтаның маңызды екенін жақсы біледі. Қазақтың қара домбырасын жанына серік еткен бойжеткен өнердің арқасында шет елдерде болып, тіпті халықаралық байқауларда топ жарған. Ақниет Базарбаева Беларуссияда өткен «Artivires» жобасында 2-орынды иеленіп, ұлт намысын абыроймен қорғаған. Сан түрлі байқауда бағы мен бабы қатар келіп жүрген бойжеткен аудан, облыс, республика, әлемдік деңгейдегі сайыстарда бақ сынап жүр.