– Ақмарал Бақбергенқызы, әуелгі сұрақты еңбек жолыңыздан бастасақ.
– Мен бала кезімнен ән мен биге құмар болдым. Үшінші сыныптан бастап ән салдым. Облыстық, республикалық «Шабыт», «Бозторғай» фестивальдеріне қатыстым. Алайда 9-сыныпты бітірген соң, «Қаржыгер» мамандығы бойынша орта білім алдым. Десе де, өмір жолы мені өнермен қайта тоғыстырды. Музыка саласында жоғары білімді игердім. 2008 жылы аудандық мәдениет үйіне әдіскер болып жұмысқа орналастым. 2014-2018 жылдары «Халық» театрының режиссері, 2018-2021 жылдары әдістемелік кабинеттің меңгерушісі, 2021 жылдан бері Төретам клуб үйінде директорлық қызметтемін. Осы жылдар ішінде біршама белестен, кезеңнен өттім десем де болады. Адам өзін әр бағытта сынап көрген сайын дами түседі екен. Тек талмай еңбектенсең болғаны.

– Өзіңіз басқарып отырған ұжым туралы бірер сөз. Шығармашылықта қандай бағыттарды қамтисыздар? Қанша адам қызмет етеді?
– Жалпылама алғанда 12 штаттық бірлік бойынша 13 адам жұмыс істейді. Ал шығармашылық бойынша 4 маман еңбек етеміз. Негізі шығармашыл жан болғандықтан басшылық қызметке өзімді 2 жылдан бері сынап келемін. Ұжымым ұйымшыл, ауызбіршілікті бірінші орынға қояды. Басты мақсатымыз – халыққа мәдени-рухани демалыс сыйлау, эстетикалық талғам қалыптастыру, балалардың бос уақытын тиімді пайдалану. Клуб үйінде вокал, актерлік шеберлік, хореграфия, көркемсөз, бисер, поэзия, проза үйірмелері жұмыс істейді. Әр саладан өзінің білікті маманы дәріс бергенді құп көремін. Сол бағытқа қарай жұмыс істеймін. Сондай-ақ бізде «Келіншектер» ансамблі құрылған. Құрамында мәдениет саласының қызметкерлері мен мұғалімдер бар. Қос етек көйлегімізді, қазақы қамзолымызды киіп, ақ орамалымызды тағынып, әрбір іс-шараға сахнаға сән беріп жүрміз. Сонымен қатар «Әжелер» ансамблінің де құрамы қайта жасақталуда. «Әжелер» мен «Келіншектер» ансамблінің бірлескен попури әні де бар. Халық оны зор ықыласпен қабылдады. Екі ансамблдің бірлесе сахнада өнер көрсетуінің өзі ұлттық тәрбиені насихаттап, үлкен мен кіші арасындағы сыйластықты нығайтады. Ұжым қызметкерлері өздері де, шәкірттерімен бірге де түрлі байқау мен конкурстардың белсенді қатысушылары. Аудандық, облыстық, республикалық додалардан топ жарып, біршама белесті бағындырып жүр. Олардың әрбір жеңісіне ұжым болып қолдау білдіріп, марқайып отырамыз.

– Ұлттық салт-дәстүрді дәріптеп, ұлттық құндылықтарды болашақ ұрпаққа жеткізу қандай жұмыстар атқарылуда?
– Дәл қазіргі таңда ұлттық тәрбиені мықтап қолға алып басымдық берудеміз. Былтыр Көшеней Рүстембековтің облыстық фестивалін өткіздік. Балалардың құлағына жыр-дастандарымыз арқылы ұлттық тәрбие сіңе берсін деген ниетпен осындай іс-шара өткіздік. Сол кездегі көрерменнің ықыласы ерекше болды. Яғни жыр-термеге кент тұрғындарының қызығушылығы жоғары. «Атадан қалған өсиет» деген аудандық іс-шара өткізілді. Онда өсиет те айтылды, батаның түр-түрі тарқатылды. «Поэзия түні» деген жобамыз облыста үздік деп танылды. «Аналар ізімен» атты жаңа жобамыздың да елге берері мол. Қармақшы ауданның 95 жылдығына орай «Төріңде жырау жырласын» тақырыбында жыр фестивалі өтті. Қазіргі ойымда жүрген дүниенің бірі – мүмкіндік болса Төретамнан жыраулардың үйірмесін ашу. Себебі жыр тыңдап өскен баланың жаманы болмайды. Ұлттық тәрбиенің ерен үлгісі жыр-термеде дер едім. Әрі тұрғындар тарапынан да жыр-терме үйірмесіне сұраныс бар.

– Өнер – саф, таза әлем, ластықты кешірмейді деп жатады. Бірақ қазір тас лақтырсаң «әншіге» тиеді. Айтары болмаса да, қомақты табыс көзі қылып алғандар да аз емес. Бұл қаншалықты дұрыс?
– Өте орынды сұрақ. Әнші көп, бірақ білімді, оқыған әнші аз. «Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын» демекші, сахнаның сәні кетті деп кесіп айтуға болмас. Бірақ ән өнерінің ауласын былғап, табыс көзіне айналдырғандардың аз емес екені аян. Бірақ не нәрсенің шегі бар ғой, бұл да уақытша деп білемін. Уақыт бәрін өз орнына қоятынына сенемін Бірақ сахнаға шыққан әрбір жан таза өзінің маманынан сабақ алға, өнерді сүйетін, сахнаның қасиетін түсінетін жан болса деймін. Сонда ғана өнер өміршең болмақ. Ал біздің мәдениетіміз биік болса, мәртебеміз де биік болары анық.

– «Ұстазы мықтының, ұстамы мықты». Өнердегі, өмірдегі ұстазың туралы айтпай кету ағаттық болар. Тоқтала кетсеңіз...
– Өнердегі ұстазым Мұхамедқали Бағатов ағай. Бала күнімнен бізге бағыт-бағдар беріп, байқауларға дайындап, ән әлеміне баулыды. Ал өмірдегі ұстазым деп Несібелі Нұралиева апайды айтар едім. Жұмысқа кіріскеннен бастап бар білгенімен бөлісіп, бізді алға жетеледі. Қажет кезінде қатал да бола білді, талап та қойды. Біз сол талаптың үдесінен шығайық, апайдан артық сөз естімейік деп жүріп пісіп-жетілдік. Қазір өзім де қызметкерлерге талапшылмын десем болады. Себебі талап пен тәртіп болған жерде ғана нәтижелі жұмыс болмақ.

– Алдағы жоспарлар туралы сөз етсек...
– Шығармашылық жағынан жоспар көп әрине. Қолға алынып жатқан жаңа жобалар да жетерлік. Бір айта кетерлігі, мен қандай жобаны қолға алсам да жергілікті кәсіпкерлер демеушілік жасаудан бас тартқан емес. Оларға алғысым шексіз. Бұл өлкеде өнерді жоғары бағалайды, әрі оған жанашыр жандар көп. Ауыл ақсақалдары да үнемі әрбір іс-шарамызға қуана қатысып, алғысын жаудырып отырады. Қажет кезде ақыл-кеңесін айтып, бағыт-бағдар береді. Әр аптаның сәрсенбісінде ауыл ақсақалдары клуб үйінде бас қосып, өнегелі әңгіме өрбітеді. Жалпы Төретам – таланттардың мекені. Ал клуб үйі – өнер мен еңбектің ерен үлгісі. Себебі мұндағы санаулы маман ән де айтады, би де билейді, актер да бола біледі. Өз қызметіне берілген, жаңашыл ұжымның бағындырар белесі әлі алда екеніне сенімім мол.

– Сұқбат үшін рахмет! Өмірдің төрінде, өнердің өрінде болыңыз!

Тағы да оқыңыз: