Kyzylorda-news.kz. Тарихы терең Сырдария ауданы республика көлеміне өлкеден шыққан белгілі тұлғалармен танылған. Сондай тұлғалардың бірі ақиық ақын Асқар Тоқмағамбетов – мақтанышпен айтар тау тұлғалардың бірі және бірегейі.
Қазақ әдебиетіндегі сатиралық поэзияның негізін қалаушы ақын қасиетті Сырдария жерінде дүниеге келіп, ақындығымен республикаға танымал болды. Оның атын мәшһүр еткен дарындылығы өзі туып-өскен топырақтан дарығаны белгілі. Сол себепті қазір ақынның өскен ауылы, сондағы мектеп А.Тоқмағамбетов атымен аталады. Сондай-ақ, ауылдық мәдениет үйінде ақиық ақынның музейі жасақталып, халыққа рухани қызмет көрсетіп келеді.
Ауылдағы мәдениет ошағында орналасқан музей қорында белгілі жазушының өмір белестерін айқындайтын суреттер қоры жасақталған. Музейге кірген бетте ел мақтанышының қолына кітап ұстап тұрған үлкен суретін көресіз. Ал оның екі жағында А.Тоқмағамбетов туралы қазақ ақын-жазушыларының тұғырлы тұлғалары Ә.Тәжібаев пен М.Әуезовтың пікірлері жазылып қойылған.
Алғашқысы «Асқардың өмірбаяны – республикамыздың өмірбаяны. Ақын осы өмірдің әр дәуірін жырымен баяндап отырғанда, өз сезімі мен жүрек күйін де сол жырларында қалтқысыз көрсетіп келген. Ол біздің ең белсенді, ең ұшқыр ақындарымыздың бірі» десе, «Абай жолын» жазған жазушы: «...Тіл жөнінен бұрынғының қорынан қарбытып отыратын, анық асыл тіл байлығы бар екі ақынды бөліп айтар едім, олар – Асқар мен Ғали. Асқар – қырғи тілді ақын» деп керемет баға берген.
Мұндағы суреттер қорына тоқталар болсақ, алдымен, ақынның отбасы, немерелерімен түскен фотобаяндары көзге түседі. Одан кейін жұмыс үстелі көненің көзіндей сақтаулы тұр. Жұмыс барысындағы әріптестерімен, қарымды қаламгерлермен, атақты адамдармен кездескен, шет елге шыққан сапарлары бейнеленген суреттері қойылған.
Атап айтқанда, төргі жақта 1975 жылы ақиық ақынның 70 жылдық мерейтойына келген Т.Әлімқұлов, Ә.Қоңыратбаев, М.Бәйділдаев, Ж.Бектұров секілді көптеген қазақ қаламгерлерімен түскен суреттері қойылса, осы қатарда ғарышкер-ұшқыш, Кеңес Одағының батыры Г.Титовпен, әлемге танымал жазушы Ш.Айтматовпен, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері З.Шүкіров, Т.Ахтанов, Ғ.Мұстафин, З.Жарқынбаев, С.Шаймерденов, Ғ.Мүсірепов, М.Әлім¬баевтармен кездескен шағы ілулі. Бұдан бөлек, республикалық «Ара», «Балдырған» журналы, «Ленин жолы» газеті редакциясындағы, еңбек адамдарымен, жастармен, шәкірттерімен жүздесудегі естелік суреттері де бар. Сондай-ақ, музейдің төргі жағында ақынның бас киімі мен өзі пайдаланған теру машинкасы тұр.
Ақын музейі қорында тарихтан сыр шертетін суреттер қатары көп десек, оның ішінде жүз жасаған Жамбылмен кездескен суретті ерекше атап өту керек. А.Тоқмағамбетовтың жас шағында бір топ қаламгерлермен қазақ жырауын ортаға алып, сұқбаттасуы ғажап кезең екені сөзсіз. Сонымен қатар, мұнда қазақ драматургиясына көп үлес қосқан жазушының С.Қожықовпен бірігіп жазған «Маржан» (орысшасы «Если бы каждый из нас») атты сценарийі бойынша «Қазақфильм» киностудиясы кино түсіре бастағандығы жөнінде айғақты материалдар бар.
Жалпы, ақиық ақынның музейінен көпшілік рухани азық жинап, Сыр еліне, оның ішінде тарихы шежірелі Сырдария (Тереңөзек) ауданына табан тіреген ақын-жазушылар жөнінде көптеген мағлұмат алады. Сондықтан ақиық ақын Асқар ауылына жол түссе, міндетті түрде музей қорымен таныссаңыз болады.