Kyzylorda-news.kz   Сырдария аудандық орталық кітапхана мен Тереңөзек кенті мәдениет үйінің қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Адал адам» мәдени – тәрбие орталығы тұжырымдамасының «Әлем - BOOK» жобасы аясында тағылымды кеш өтті. Аудан бойынша кітапханада 2023 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан «Сырда туған дарындар» атты жоба бойынша «Ел жақсыларын жырға қосқан Мамыр ақын» тақырыбында кездесу кеші өткізілді.

Кездесу кешіне  қарасөздің қазанын қайнатып, жырдан жауһар шашқан, айтыс өнерінің оғланы, Сыр мәдениетіне өлшеусіз үлес қосып келе жатқан  Ақжарма ауылының тумасы, ақын Мамыр Байдәулетов құрметті қонағы болып қатысты. Мамыр Бәйментайұлы «Жақсылар шыққан жайсаң ел» атты тамаша кітаптың авторы.

Кеш шымылдығын өрелі өнердің тағы бір өскелең жасы, талай биік шыңдардан көрініп үлгерген, жас ақын Мұхамеджан Мансұров арнау өлеңімен ашты. Сонан соң Мамыр ақынның қаламынан туындаған «Ақжарма», «Көктем» атты жүрек жарды жыр жолдарын көркем сөз оқу үйірмесінің мүшелері, әдебиетті сүйіп оқитын жастар Ақжан Нұрмахан мен Әлима Ергешқызы жатқа оқып берді.

Кеш барысында Мамыр Бәйментайұлы  өмірден көргендері мен көңілге түйгендері жайлы ғибратты әңгімелер қозғап,  жас буынға тәлім боларлық ақыл-кеңестерін айтты. Ақын өз сөзінде сөз қадірі мен айтыс өнері жайында толғанды. Ел тұтқасын ұстайтын келешек ұрпақтың білімді болуы, кітап оқу секілді құнды қасиеттің азайып бара жатқаны жанға аяздай бататынын жеткізді. Сонымен қатар адамгершілік қасиет, патриоттық сезім мен Отанды сүю, ұлттық құндылық тұрғысында әңгімеледі.

Кент мәдениет үйінің әдіскері Ербол Сағымбай қазақтың қара домбырасымен Махамбеттің «Жұмыр қылыш» күйін күмбірлетті. Кітапханашы Ләззат Серікбаева ауылға деген сағынышты арттыра түсетін «Ауылдан адам көшседе, адамнан ауыл көшпейді» әнін орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Мәдени көпшілік іс-шараға қатысқан ардагер-ұстаздар, аға буын өкілдері Ұлмекен Жанәлиева мен Мектепхан Елеусінов «Ақынын ардақтаған ел бақытты» деген сөзді айқындай түсіп, айтыскер ақынға жүрек жарды лебіздерін білдірді.

Сырдария аудандық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының  міндетін атқарушы Жеңісбек Төрәлиев: "Ұлт рухы – айтыс өнері қай кезеңде де ескірмейтінін", ал сол айтыстың туын желбіретіп жүрген Мамыр Бәйментайұлына шығармашылық табыс тілей отырып, шәкірт тәрбиелеу жолындағы еңбегіне жеміс тіледі.

Кеш соңында «Өнері өрден, орны төрден - Сырдария» атты кең көлемді үш бөлімнен тұратын кітап көрмесі таныстырылып, көрермендер назарына ұсынылды.

Тағы да оқыңыз: