Kyzylorda-news.kz. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенттер сарайында «Ақын – елдің ардағы» атты Сыр елі айтыс ақындарының басқосуы өтті.
Сонымен қатар, айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы Қызылорда облыстық филиалы салтанатты түрде ашылды. Шараға Қызылорда облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Руслан Рүстемов, айтыскер-ақын Мұхтар Ниязов пен өңірдің зиялы қауым өкілдері және айтыс ақындары мен жас шәкірттері қатысты.
Шарада Айтыс ақындарының халықаралық одағы Қызылорда облыстық филиалының лентасы қиылып, оның жұмысына сәттілік тіледі.
Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының Қызылорда облысы бойынша филиалымен бірлескен жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек. Одақ филиалының студенттер сарайында орналасуы да тектен-тек емес. Бұл жас ақындардың шыңдала түсуіне үлкен мүмкіндік, алғашқы мектеп болатыны анық. Жастар өзекті мәселелерді астарлы ой арқылы жеткізіп, елдің дамуына өз үлестерін қосар болса, атқарылған істің текке кетпегені. Бұл жаңа филиал ел игілігі мен жастардың келешегі үшін жасалған жұмыс.
Айта кету керек, қазақтың төл өнері айтысты жастар арасында насихаттау, өскелең ұрпақты ұлттық өнерге баулу мақсатында университетте «Алтын домбыра» орталығы жұмыс істейді.