Kyzylorda-news.kz.    Жуырда Тасбөгет кентінің әкімі Айдын Тыныштықбай БАҚ өкілдеріне берген брифингте жыл бойы атқарылған жұмыс барысы мен алдағы атқарылатын жұмыстарға тоқталды.

Кент әкімінің айтуынша, өткен жылы инфрақұрылымды дамыту бойынша мемлекеттік бюджет, демеуші және инвестиция есебінен ауқымды жұмыстар атқарылған. Нақтырақ айтсақ, ұзындығы 82 шақырымды құрайтын 52 көшенің 41 көшесі жөндеуден өткен. Оның ішінде Сабалақ саяжайындағы 18 көше мен кенттегі 21 көшенің белгіленген бөліктеріне қиыршық тас төселіп, 2 көшеге асфальт төселген. Ал 7 көшеге жарық бағаналары орнатылса, «Еңбек» және «Өркендеу» саяжайындағы 3 көшеге демеушілер өз есебінен жарық бағаналарын орнатқан. Сонымен қатар аймақ басшысының қолдауымен кент аумағында құны 542,1 млн. теңгені құрайтын дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. 

– Соңғы жылдары кентте кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы мемлекеттік бағдарламаларға қатысу қарқыны артып келеді. Сондықтан биылғы жылы да тұрғындарға мемлекеттік бағдарламаны пайдалана отырып, кәсіп ашуға, кеңейтуге кеңес берілді. Нәтижесінде он екі айдың ішінде алпыс жеті тұрғын өз жобасын қорғап, 400,9 млн теңге көлемінде қаражат иеленді. Бүгінде кентте 1644 кәсіпкер бар. Олар өздерінің  қызметін табысты жүзеге асыруда, – деді Тасбөгет кентінің әкімі Айдын Маратұлы.

Мұнан соң кент әкімі биыл атқарылатын жұмыстарға тоқталды.

– Өздеріңіз білетіндей, кентке қарасты Сабалақ саяжайын «көгілдір отынмен» қамтамасыз ету мәселесі де басты назарда. Қазіргі таңда «Досстройпроект» ЖШС мекемесінің демеушілігімен Сабалақ саяжайына «көгілдір отын» тарту жұмыстарының жоба-сметалық құжаттары әзірленді. Нәтижесін күтіп отырмыз, – деді Тасбөгет кентінің әкімі.

Биыл Тасбөгент кентінің бюджеті 345,9 млн теңге болып бекітілген. Алдағы уақытта Е. Ертуғанов көшесінің Сапарбаев пен Баймағанбетов көшелері  аралығына абаттандыру жұмыстары жүргізілсе, Исмайлов көшесіндегі жарық бағанасының орнатылмай қалған бөліктеріне жарықшамдар қойылмақ. Ал халықтың сұранысы бойынша кенттегі  ұзындығы 12,7 шақырымды құрайтын 6 көшеге жарық бағаналарын орнату бойынша жоба сметалық құжаттары әзірленген.  Сондай-ақ  Ғ.Мұратбаев (Сапарбаев қиылысы) және Ә. Молдағұлова (Сейтпенбетов қиылысы) көшелеріне 4 аялдама мен Сабалақ саяжайының орталық көшесіне екі аялдама орнатылады. Одан бөлек кенттегі әлеуметтік нысандар орналасқан алты көшеге жаяу жүргіншілер жолын салуға және Сабалақ пен Еңбек саяжайындағы көшелерге жарық бағаналарын орнату мақсатында тиісті құжаттар әзірленуде.

Тағы да оқыңыз: