Kyzylorda-news.kz Жақында жерлес жазушы, Аралдың төл тумасы, журналистика саласында сүрлеулі соқпақты жол жүріп өткен Шымкентбай Жылмағанбетовтің «Өңшең мыжу» атты жаңа кітабы «Формат-Принт» баспасынан жарыққа шықты. Өз заманының өткір де ауқымды мәселелерін әзілмен астарлап жеткізген, шымшымаларымен талай шендіні сын садағына алған жазушының бұл туындысы қазіргі жас тілшілер мен талғамды оқырмандардың ойын дөп басады. 

Қаламгердің бұл кітабына әр жылдары жазылған әзіл-сықақ әңгімелері, шымшымалары мен фельетондары іріктеліп топтастырылған. Автор сатиралық шығармаларында қоғамдағы түрлі түйткілдер мен адам бойындағы келеңсіздіктер – тоғышарлық пен жалқаулықты, көзбояушылық пен мансапқорлықты, парақорлықты, атаққұмарлық пен сасық мансапты ащы тілмен уатып, қоғамның керағар көріністерін әзіл-қалжыңмен әсірелейді. Қоғам тынысы, кейбір пенденің қылықтары еріксіз езу тартқызып, жүзіңе күлкі үйіреді. 

Жинақтағы оқиғалар өмірдің өзінен алынған. Бір деммен оқылатын кітапта сатира жанрының бәрі түгел қамтылған десе де болады. Мысқыл, мысал, әзіл-сықақ, шымшыма, қалжың, тіпті жұмбақтар да бар. Кітаптағы дүниелерді «қысқа-нұсқа», «аз да болса саз» деген тәмсілге сай келеді дей аламыз. Айта кетейік, Ш.Жылмағанбетов жұртшылыққа «Қателіктің құны», «Өмір көшінде» атты кітаптарымен танымал. Әсіресе детектив жанрындағы «Қателіктің құнына» оқырманның ықыласы бөлек. Жаңа сатиралық жинақтың да оқырман жүрегіне жол табатынына сенімдіміз. Айданды өңірдің тумасы осы кезге дейін журналистиканың түрлі жанрларына қалам тербеп, түрлі басылымдар арқылы артына өшпес із қалдырды. Ал оның аудандық «Толқын» газетінің бас редакторы қызметін атқарған жылдардағы еңбегі елдің есінде сақталып, тарих боп қатталып тұр.

Тағы да оқыңыз: