Kyzylorda-news.kz. Жаңақорған ауданының жас өнерпаздары облыстық, республикалық тіпті халықаралық байқауларда табысты өнер көрсетіп, өңірдің мәдени өміріне елеулі үлестерін қосып жүр. Соның бірі аудан орталығындағы «Әлшекей» атындағы өнер мектебінің шәкірттері Түркістан қаласында өткен республикалық «ART Baiterek» байқауында бейнелеу және би өнері бойынша үздіктер қатарынан көрініп, олжалы оралды.
Өнер ұжымы атынан аудан намысын «Бейнелеу өнері» саласы бойынша экологиялық бағытта қорғаған Баянсұлу Жұмағазының «Құтқаршы» картинасы ІІ орынды иеленсе, пейзаж жанрында «Өткелде» тақырыбын салып, қоршаған болмыстағы құбылыстар мен заттарды бейнелеу тәсілдеріне машықтанғанын дәлелдеген Асылбек Орынбек үздік үштіктен көрінді. Ал осы оқушыларды бейнелеу өнеріне тәрбиелеген жетекшісі әрі өнер мектебінің директоры Қалдыбай Қошқарбаев үздік шәкірт дайындағаны үшін «Алғыс хатпен» марапатталды.
«Қазіргі заманда сурет салу балабақшадан бастау алса деген тілегім бар. Өйткені баланың ой-өрісін кеңейтіп дамыту үшін бұл сала ең қажетті оқу түрі деген болар едім. Негізі сурет салу арқылы өмірде кездесетін қарапайым заттарды бейнелеуді үйренеміз. Ал бұл дегеніміз бала қабілетінің дұрыс қалыптасуына жол ашады. Біздер осы бағытта жас суретшілерді дайындауды мақсат еттік. Демек, суреттің тілін түсіну үшін балаңыз кішкентай күнінен осы өнердің қыр-сырына қанығып өсуі керек. Сонда ғана Баянсұлу мен Асылбектей өрендерімнің қатары артатынына сенімдімін, – деді Қалдыбай Қошқарбаев жеткен жетістіктерімен бөлісіп.
Бұл өнерлі ұжымның кішкентай бишілері абыройлы өнер көрсетіп келеді. Құрылғанына 10 жыл болған, 60 биші қыздан құралған «Еркеназ» би тобы да аудан атын талай додаларда асқақтатып жүр. Бұл жолы киелі Түркістан шахарында ұйымдастырылған республикалық байқауға 18 қатысушысы қатысқан Ажар Айқынбекқызы қызының шәкірттері бас жүлдені қанжығаға байлады. Құрамында Жанұзақ Гулшара, Шанияр Ақнұр, Жұмат Зере, Жұмағазы Магда, Сунетулла Раяна, Бекахмет Әсел, Ерман Наз, Бауыржан Ұлсана, Әбілқасым Гулшат, Сапилла Еркеназ, Абдужолдас Айзере, Алжан Айсұлу, Жанәділ Жаухар, Амангелді Айман, Амангелді Шолпан, Серік Жасмин, Қызайбай Інжу, Бахыт Асылай сынды мың бұралған биші қыздары бар бұл топ байқаудан Ташкент қаласында өтетін Халықаралық конкурсқа жолдаманы жеңіп алды.
Сондай-ақ, сол сайыста тағы бір өнер ұжымының белді маманы белгілі биші Гүлнар Ибадуллаеваның жетекшілігіндегі «Аққу» би тобынан түрлі жастағы үш топ қатысып, нәтижесінде сәбилер тобы бас жүлдені, кіші тобы ІІ орынды иеленді. Ал, аспапта ойнау жанры бойынша сайысқа түскен тартысты додада Нұрсезім Әлихан, Адиля Сембек, Сезім Икрамхан мен Зарина Қалидың басын қосқан «Мереке» тобы жүлделі ІІІ орыннан көрінді.
Бүгінде «Әлшекей» өнер мектебі шәкірттерінің бірнеше байқауларда қол жеткізген жетістіктерін ауыз толтырып айтуға болады. Демек, «Әлшекей» атындағы өнер мектебі өңір мәдениетінің өркендеуіне елеулі үлес қосып, өнерлі шәкірт дайындауда алдыңғы қатарда деуге болады.