Kyzylorda-news.kz. Қала іргесінде орналасқан Ақсуат ауылдық округін өзге ауылдарға үлгі боларлық экномикалық-әлеуметтік дамуы айшықты ауыл деп айтуға негіз бар. Бүгінде ауыл әкімі Нұрболат Бақытов ауылдық оругті көркейту мақсатында еңбек етіп келеді.
Өткен жылы ауылды дамыту мақсатында атқарылған жұмыстарға тоқталған ауыл әкімі ауылдық округтің инфрақұрылымын дамытуға басымдық берілгенін атап өтті. «Соның бірі, ауылдық округтегі ең өзекті мәселенің бірі өз шешімін тапты. Яғни, елдімекен табиғи газбен қамтамасыз етілді,» - дейді ауылдық округ әкімі Нұрболат Бақытұлы.
Сонымен қатар, «Ауыл - ел бесігі» жобасы мен Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан берілетін нысаналы трансферт есебінен ауылдық округтегі 8 көшеге асфальт төселіп, 1 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынды және 3 көшеге түнгі жарық бағаналары орнатылды. Сондай-ақ, №12 бағыттағы автокөліктер үлкен сыйымдылықтағы жаңа автокөліктермен толықтырылды, биыл №2-ші бағыттағы қоғамдық көліктер жаңа автокөліктермен қамтылды.
Бұдан бөлек, «Samruk - Kazyna Trust» корпоративтік қоры тарапынан ауыл орталығынан спорт кешені және демеушілердің қаражаты есебінен 1 спорт ойын алаңы пайдалануға берілді.
Мемлекеттің шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға жасап жатқан қолдауының арқасында ауылдық округ бойынша 541 кәсіпкерлік субъекті жұмыс істеуде, оның 185 кәсіпкерлік субьектісі 2023 жылы тіркелген. Сонымен қатар, кәсіпкерлікті дамытудың түрлі мемлекеттік бағдарламалары аясында ұсынылған 44 жоба мақұлданып, 278,5 миллион. теңгеге қаржыландырылды.
- Енді, биыл тұрғындардың сұранысына сәйкес жаңадан қоныстанған аумақтағы 32 көшеге электр желілері тартылады. Сондай-ақ, осы аумаққа ойын алаңы салынады деп жоспарлануда. Ал, округтегі 6 көшеге күрделі жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 2 көшеге түнгі жарық бағаналары орнатылатын болады, - деді ауыл әкімі Нұрболат Бақытұлы.