Kyzylorda-news.kz  Арал аудандық орталық кітапханада отандық әдебиетке деген қызығушылықты арттыруға, жұртшылықты оқуға ынталандыруға, отандық авторлар мен кітап шығарушыларды қолдауға бағытталған «Кітап-Amanat» жобасы аясында Аралдың төл перзенті, қарымды қаламгер қажырлы еңбек, арлы қаламымен, талайды тамсантып, қазақ деген халықтың басынан өткен аумалы-төкпелі заманның суретін шұрайлы тілімен, кемел ойымен кестелеген көркем әдебиет алыбы, көрнекті жазушы Əбдіжəміл Нұрпейісовтің 100 жылдық мерейтойына орай «Әдебиет әлемінің абызы» атты әдеби конференция өткізілді.

Туған жерін тіршілігіне темірқазық етіп ұстаған, өмір бойы кіндік қаны тамған жерді шығармаларына арқау етіп келе жатқан қазақтың қабырғалы жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің өмір жолы мен шығармашылығына арналған тағылымды кешке ауданның зиялы қауым өкілдері, жергілікті ақын жазушылар және оқырмандар қатысты.

«Аманат» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Талғат Қанатов жазушының руханият әлеміндегі орны мен әдеби дамуға қосқан үлесі туралы айтып, әдеби конференцияны ашып берді .

Конференция барысында ОКЖ директоры Ж.Алишева «Аралдың асыл абызы», Мәдениет саласының ардагері,өлкетанушы Ж.Төребеков «Адамзат тағдырының жаршысы», Қалалық №1 кітапхана меңгерушісі Мергенбаева Айгүл «Ғасыр жасаған ғажап ғұмыр», №262 мектеп мұғалімі Ақбергенова Айгүл «Қаламгер және қаһарман» тақырыптарын ашып, жазушының өмір жолы мен шығармашылығы,ерекше қасиеттері мен қаламгерлік тұлғасы, артына қалдырған мол мұралары туралы кеңінен таныстырып өтті. Жергілікті ақын-журналистер Ж.Жақып,Т.Абылаев, А.Елеш жазушы туралы естеліктерімен бөлісіп, Е.Абдулла өзінің жазушыға арнаған жаңа «Бел-Аран» атты өлеңін оқып берді.

Аудандық мәдениет орталығының термешілері Жоламанов Асқар Шолпан Балманованың Әбдіжәміл Нұрпейісовке арнауын орындаса, Ізекешова Зәуреш Әбілхан Махановтың "Аралым айдын шалқарым" термесін орындап,шараның шырайын келтірді.

Шара аясында «Ғасыр шежіресі» атты кең көлемді, мазмұнды кітап көрмесі ұйымдастырылып, оқырман назарына ұсынылды.

Тағы да оқыңыз: