Kyzylorda-news.kz.  Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында ақын Әбдікәрім Ахметовтың туғанына 100 жыл толуына орай «Толқындағы өмір» атты жыр кеші ұйымдастырылды.

Жыр кешіне Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының жетекшісі Қаршыға Есімсейітова қатысып, ақын шығармашылығынан сыр шертті.

– Әбдікәрім Ахметовтың алғашқы жыр жинағы «Өлеңдер» деген атпен 1953 ж. жарық көрген. Оның қай өлеңі болсын философиялық терең ойға, нәзік сезімдерге толы. Бірқатар өлеңдері мен поэмалары баспадан шығып, кейбір шығармалары орыс тіліне аударылған, – деді ол.

Әбдікәрім Ахметов 1924 жылы 15 маусымда Қызылорда облысы, Қармақшы ауданының Көктөбе деген ауылында дүниеге келген.  Орта мектептен кейін Жосалы теміржол зауытында темір ұстасының балғашысы, аудандық қаржы бөлімінде  есепшікассир болып қызмет істеген. Лепсі педагогикалық училищесін бітірген. Алматыдағы Жоғары партия  мектебінде оқыған. Ұзақ жылдар әскер қатарында қызмет еткен ол, әуелі қатардағы жауынгер, кіші  командир болған. 1946 жылы Харьковтың әскери медициналық училищесін бітірген соң, Германиядағы кеңестік  қарулы күштер сапында, шекара округінде офицерлік қызмет атқарған..

Кеште ақынның жыр жолдарынан кітапхана оқырмандары үзінділер оқып, кешке жиналған қонақтар өз естеліктерін бөлісті.

Кітапхана ұжымы оқырман назарына «Өшпеген жалын» атты кітап көрмесін таныстырды.

 

Тағы да оқыңыз: