Kyzylorda-news.kz.  Бүгінде Қызылорда қаласы бойынша тұрғын үйге мұқтаж адамдардың 6 дара тізімі бойынша 26762 отбасы кезекке тіркелген. Тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу және кезекке қою «Kezekte.kz» ақпараттық жүйелер платформасындағы «Shanyraq» ақпараттық қызметінде жүзеге асырылады. 
Баспана мәселесі қашанда өзекті. Тұрғындарды үй-жаймен қамтамасыз етуде түрлі мемлекеттік бағдарламалар іске асырылып, әлеуметтік осал топ санатындағы азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуде мемлекет тарапынан жеңілдіктер қарастырылған. Сонымен қатар қазіргі таңда тұрғын үй кезектілігін реттеу жұмыстары жүргізілуде. Осы орайда қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Абзал Рысбек Өткен жылы тұрғын үй кезек реттілігіне түгендеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 2 681 азамат тұрғын үй кезегінен шығарылғанын айтады.
 

– Олардың бірқатары басқа қалаға мекенжайы ауысуына байланысты болса, бірқатар азаматтың меншігінде тұрғын үй болуына және азаматтың статусының жойылуына байланысты кезектен шығарылды, - деді бөлім басшысы.


Бүгінде елімізде азаматтарды баспанамен қамтамасыз етуде «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы тұрақты жүзеге асырылып келеді. Бағдарламаның басты артықшылығы 2-5 пайызбен жеңілдетілген несие беру. Ал, бұл бағытта өткен жылы қаланың СПМК-70 тұрғын ауданынан 500 пәтерлік 10 үй ипотекалық тұрғын үй төлем қабілеті бар азаматтарға берілді. Конкурсқа қатысуға өтініштер әдеттегідей «Отбасы банк» АҚ арқылы қабылданған.


– Қазіргі таңда, тұрғын үй алу кезегіне апаттық үйлер санаты бойынша 635 отбасы тіркелген. Жалғыз тұрғын үйі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен авариялық жағдайда деп танылған азаматтарға 2021 жылы Сол жағалау шағын ауданында салынған көппәтерлі тұрғын үйлерден 93 отбасыға, 2022 жылы 60 отбасыға, 2023 жылдың наурызында 40 отбасыға жаңа пәтер табысталды. Ал биыл мемлекеттік тұрғын үй қорынан 2007-2008 жылдары кезекте тұрған халықтың әлеуметтік осал топтары мен жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санатына арендалық пәтерлер беру жоспарланып отыр. Айта кету керек, ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңына сәйкес, азаматтарға пәтерлер тек кезек реттілігіне сәйкес беріледі, – деді бөлім басшысы.


Сондай-ақ, баспанамен қамту жұмыстары аясында тұрғынжайды жалдау ақысы субсидиялау бағдарламасы да жүзеге асырылуда. Бағдарлама  шарттарына сәйкес келетін азаматтар «otbasybank.kz» платформасы арқылы өтінім бере алады. Жалдау төлемдері бойынша субсидия алуға төрт санат бойынша, яғни І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтар, мүгедектігі бар балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар, көп балалы отбасылар үміткер бола алады. Бағдарламаның ерекшелігі, жалдамалы баспананы азаматтар өздері таңдайды және 50 проценті мемлекеттік субсидиялармен қамтылатын болады, ал қалған 50 процентін алушы өзі төлейді.

Тағы да оқыңыз: