Kyzylorda-news.kz. «Астана Опера» театры Ресейдің Үлкен театрына гастрольдік сапармен барады. Мұндай шешім Қазақстан мен Ресей елшілігі және екі астананың басты театрларының келісімінің арқасында қабылданды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Екі театр жетекшілері – Ғалым Ахмедияров пен Владимир Урин тиісті құжатқа қол қойған. Оған сәйкес 5-11 қыркүйек аралығында ресейліктерге Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің музыкасы мен Мұхтар Әуезовтің либреттосына жазылған «Абай» операсы ұсынылады. Сондай-ақ, Морис Жаррдың музыкасына негізделген «Париж Құдай анасы соборы» балеті қойылады.

Гастрольдік сапар Қазақстан және Ресей елшіліктері мен Қазақстанның мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтеді.

Абайдың 175 жылдығы

Абайдың мерейтойы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтеді. Қазан айында осы ұйымның Париж қаласындағы штаб-пәтерінде ғылыми-конференция, концерт, көрме, кинокөрсетілім және тағы басқа мерейтойлық шаралар ұйымдастырылады. Кембридж сияқты әлемнің жетекші университеттері де меретойға атсалысады.

Биыл мерейтой аясында қолға алынатын маңызды жобалардың бірі – Абай шығармаларының жинағын шетелдің 10 тіліне аударып шығару. Соның ішінде француз, ағылшын, орыс, араб, испан, қытай, түрік, жапон, неміс және итальян тілдері бар. Осылайша, әрбіреуі үш мың данамен әлемнің түкпір-түкпіріне таратылады. Оған ұлттық аударма бюросы жауапты.

Бұдан бөлек, Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған үш деректі фильм түсіріледі.

Жидейбай жеріндегі Абай мен Шәкәрімнің кесенелеріне де жаңғырту жұмыстары жасалады. Бұдан бөлек, абаттандыру шаралары атқарылады. Ал Құнанбайдың жатқан жерінде музей салу жоспарланып отыр.

Жалпы, Абайдың мерейтойына арналған жоспар 82 тармақты қамтиды. Соның ішінде халықаралық, республикалық, облыстық және қоғамдық маңызы бар 500-ден астам шара бар. Олар – ғылыми, ағартушылық іс-шаралар, конференциялар, симпозиумдар, пленэрлер, дөңгелек үстелдер, сынып сағаттар, поэтикалық жəне əдеби конкурстар мен баспасөз турлары. Жергілікті әкімдіктер де өз жоспарларын әзірледі.

Тағы да оқыңыз: