Kyzylorda-news.kz  Бүгін – мейірімділік пен татулық насихатталатын күн. Біздің халық қай кезде де мұқтаж жанға бүтінін бөліп берген, жартысын жарып берген халық. Қайырымдылық тек материалдық көмек көрсетуде ғана емес, рухани қолдау, көңілі жүдеу адамды жылы сөзбен жігерлендіруден тұрады. Қызылорда облысы мұқтаж жанға жәрдемдесуге мұрындық болып, қайырымдылық жасаудан республика бойынша үздік үштікті түйіндеп тұр. Атаулы күнге орай қайырымдылық қорлары да әдетінен жаңылмай, жәрдемдесуге ниетті. Бұл туралы ҚМДБ Зекет және қайырылымдылық қорының Қызылорда облысы бойынша өкілі Оңталап Жидебаев пен “Ел-арай” қоғамдық қорының төрағасы Әлімжан Қосымов мәлімдеді.

– Халықаралық қайырылымдылық күнімен баршаңызды құттықтаймын. Әсіресе қайырымдылыққа мұрындық болып жүрген, біздерге жәрдемдесіп жүрген еріктілер бар, демеушілерге Алла разы болсын дейміз. Зекет қорының биылғы үлкен жобаларының бірі “Ел үлесі пәтерге”, және “Тайқазан” жобасы. Біріншісінің мақсаты аты айтып тұрғандай мұқтаж отбасыларға баспана табыстау. Екінші жоба азық-түлікпен қамтамасыз ету. Қызылорда облысы бойынша 5 жылдан бері 62 баспана берілді. Енді биыл 2 баспана берілмек. Оның біреуі көпбалалы анаға және жалғызбасты әкеге. Бұл татымды тірлікке еріктілер және демеушілер, бүкіл жамағат үлесін қосты. Осы игі істер алдағы уақытта да жалғасын таппақ”,- деді Оңталап Тасболатұлы.

“Ел-арай” қоғамдық қорына биыл 10 жыл. 

– Осы 10 жылдықта 100 млн теңгеге қайырымдылық жасау жоспарымызда тұр. 1 апта бұрын Шиелі ауданында өзіміздің филиалды аштық. Бір жылдығын ойлаған халық бидай егеді,жүз жылдығын ойлаған халық ағаш егеді, мың жылдығын ойлаған халық саналы ұрпақ тәрбиелейді. Біздің негізгі миссия көпбалалы, аз қамтылған отбасындағы балаларды ҰБТ-ға дайындық грантқа түсуіне мүмкіндік жасау. Осыған дейін 50 бала оқыттық. Оның 49-ы грантқа түсті. Биыл тағы да жоспар бойынша 50 баланы оқытқымыз келіп отыр”,- деді Әлімжан Әлібайұлы.

Тағы да оқыңыз: