Kyzylorda-news.kz. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Серікқали Брекешев қызметінен кетіп, оның орнына Зүлфия Сүлейменова Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің министрі болып тағайындалды.
Зүлфия Сүлейменова 1990 жылдың 25 ақпанында Ақтөбеде дүниеге келген. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін тәмамдаған. Жапония ұлттық саяси зерттеулер институтында оқып, «Қауіпсіздік және халықаралық зерттеулер» бағларламасы бойынша PhD дәрежесін алған. Сонымен қатар президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі.
Зүлфия Сүлейменова еңбек жолын 2014 жылы Жаһандық саясат және қауіпсіздік орталығының өңірлік және жаһандық қауіпсіздік бөлімінің ғылыми қызметкері ретінде бастады.
Ал 2020-2021 жылдары Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінде басшылық қызметтер атқарып, 2021 жылдың қаңтарында Мәжіліс депутаты болып сайланды. Бұдан бөлек, «Жаңа Қазақстан» депутаттар тобының мүшесі, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі болған. Сүлейменова үш тілді меңгерген: қазақ, орыс және ағылшын.
Ең жас министр бір жыл бұрын «Хабар 24» арнасындағы «Модный словарь» бағдарламасына сұхбат берген. Мұнда ол сәнге қатысты сауалдарға жауап беріп, киім таңдағанда неге назар аударатынын айтты. Сондай-ақ өзін су тұтыну мәселесі де қатты алаңдатынын жеткізді. Сондай-ақ, табиғи теріден тігілген киімдерді кимейтінін, ет жемейтінін, жануарларға сыналған косметиканы пайдаланбайтынын, әрі зообақ пен дельфинарийге бармайтынын баса айтып, өмірлік принциптерін көрсеткен еді.
