Kyzylorda-news.kz Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев «Қазақстан Республикасында бала құқықтарын қорғау: даму жолындағы жетістіктер мен алдағы басымдықтар» атты конференцияға қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сенат пен ЮНИСЕФ бірлесіп ұйымдастырған іс-шара Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымының Бала құқықтары туралы конвенциясын ратификациялағанына 30 жыл толуына арналды. Конференцияда депутаттар, мемлекеттік органдардың, сараптамалық және ғылыми қоғамдастықтардың өкілдері аталған бағыттағы бірлескен жұмыстың мақсат-міндеттерін белгілеп, бала құқықтарын қорғау жөніндегі бастамаларды одан әрі арттыруды көздейтін ұсынымдар әзірледі.

Мәулен Әшімбаев атап өткендей, БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясы әлем бойынша балалардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге арналған негізгі құжат. Конвенция – Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін ратификациялаған алғашқы халықаралық шарттардың бірі. Сондықтан ол балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау саласындағы ұлттық заңнаманы жетілдіру ісінде маңызды рөл атқарды.

Балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету – Қазақстанның мемлекеттік саясатының маңызды бағыттарының бірі. Бұл мәселеге Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев үнемі баса мән беріп келеді. Бала құқықтары туралы конвенция әлемдік қоғамдастық үшін үлкен маңызға ие және ол біздің Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қорымен (ЮНИСЕФ) ынтымақтастығымызға негіз болды. Осы жылдар ішінде Қазақстан мен ЮНИСЕФ бірлесіп, түрлі бағдарламалар мен бастамаларды іске асырды. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл институты құрылды. Білім беру сапасын жақсарту және инклюзивті білім беру жүйесін қалыптастыруға арналған реформалар жүзеге асырылып жатыр. ЮНИСЕФ-тің көмегімен елде бала құқықтарының іске асырылуын бағалау және оған мониторинг жүргізу үшін Қазақстан балаларының хал-ахуал индексі енгізілді, – деп, Палата Спикері Қазақстанда «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы Бала құқықтары жөніндегі конвенцияның ратификацияланғанына 30 жыл толған кезеңде қолға алынуының символикалық мәніне назар аударды.

Конференция барысында бала мүддесін қорғауға кедергі келтіретін қазіргі сын-қатерлер және оларды еңсеру жолдары, соның ішінде аталған бағыттағы ұлттық құқықтық жүйені жетілдіру мәселелері талқыланды.

Мәулен Әшімбаев өз сөзінде Қазақстанның ЮНИСЕФ-пен ынтымақтастығының негізгі басымдықтарының бірі бала құқықтарын қорғау саласындағы халықаралық озық тәжірибелерді интеграциялау мүмкіндігі екенін айтты. Сондай-ақ Парламент Сенатының ЮНИСЕФ-пен бірлескен заңнамалық бастамаларына, оның ішінде балалардың өмір сүру сапасын жақсартуға, осал санаттағы балалары бар отбасыларды әлеуметтік қолдауға арналған құқықтық тетіктерге назар аударды.

Елімізде балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділік айрықша маңызға ие. Осыған байланысты биыл сәуір айында Мемлекет басшысының тапсырмасымен ел заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Сол арқылы балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген түрі үшін жауапкершілік айтарлықтай күшейді. Осы және басқа да бастамалар Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қолға алған реформалардың ажырамас бөлшегі екенін атап өткен жөн. Оның бәрі Әділетті Қазақстан қалыптастыруды көздейді. Біз алдағы уақытта да ЮНИСЕФ-пен серіктестікті нығайтуды жалғастыра береміз және жаңа идеялар мен жобаларды іске асыруға дайынбыз, –деп, Мәулен Әшімбаев бала құқықтарын қорғау жолындағы тиімді бірлескен жұмыс үшін ЮНИСЕФ-ке және барлық серіктестерге ризашылық білдірді.

Іс-шара барысында сарапшылар басқа да өзекті мәселелерді талқылады. Нақты айтқанда, баланың қалыптасуына ақпараттық кеңістік пен цифрлық технологиялардың әсері кеңінен сөз болды. Форумға қатысушылар мұндай проблемаларды шешу үшін ведомствоаралық кешенді тәсіл қажет екенін айтты.

Қазақстан балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы күресте тұрақты ілгерілеп келеді. Бұл бағыттағы цифрлық әлемге қатысты ахуал да көңіл көншітеді. Биыл сәуірде әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы жаңа заң қабылданды және тың заңнамалық бастамалар да қолға алынып жатыр. Осыларды ескере отырып, қазір Қазақстан балаларды қорғау жүйесін нығайтудың маңызды кезеңінде деуге толық негіз бар. ЮНИСЕФ Қазақстанмен ынтымақтастықты және елдің әрбір бала үшін қауіпсіз болашақ қалыптастыруға қосқан үлесін жоғары бағалайды. Ұйым алдағы уақытта да бұл саладағы реформаларды қолдауға дайын. Біз бірлесіп, жаңа сын-қатерлерді еңсереміз және бала құқықтары толығымен жүзеге асырылатын әлем құра аламыз, – деді ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы Өкілі Рашед Мустафа Сарвар.

Сонымен қатар Конференцияда Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, ЮНИСЕФ-тің халықаралық консультанты Лидия Галеано, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ Психология және коррекциялық педагогика кафедрасының профессоры Ирина Мацкевич және тағы басқа сарапшылар сөз сөйледі.

Фото:  Сенат 

Тағы да оқыңыз: