Kyzylorda-news.kz. Жасыл-желекке бөленген орманды аймақ экологиялық тұрғыдан пайдалы десек те, оған біршама шығынның жұмсалатыны рас. Адамның қол еңбегі мен ұзақ уақытты қажет ететін бұл бағытқа алдағы кезеңде өзгеріс енуі мүмкін. Себебі Назарбаев мектебінің оқушысы Бәйдібек Мұсаев ағаш егудің тиімді жолын ұсынды. Орман алқабын көбейтуді көздеген оқу озатының Eco-plant жобасы бір ағашты адам көмегінсіз алты минутта отырғыза алады екен.
Бәйдібектің айтуынша, Eco-plant машинасы отынды қажет етпейді, яғни әмбебап құрылғы энергияны күн сәулесінен алады. Бұл өз кезегінде мемлекеттің қаржысын үнемдейді әрі құрылғыны жартылай шөлді немесе далалы аймақта ағаш отырғызу үшін пайдалануға болады.
‒ Құрылғы екі қанаттан тұрады, онда екі үлкен цилиндр орналасқан. Үлкен цилиндрде көшеттер мен ағаш отырғызуға арналған сұйықтықтар, бұрғылау қондырғысы және топырақ пен тыңайтқыш қоймасы орналастырылады.
Негізінен құрылғы Tesla Semi жүк көлігімен бірге жұмыс істейді, сондықтан пайдаланушыға көптеген мүмкіндік қарастырылған. Айталық, бұрғылау қондырғысы ағашты отырғызу алдында топырақты қопсытып дайындай алады, ал тыңайтқышы бар сұйықтық багы бір уақытта топырақ құнарын жақсартуды жеңілдетеді. Топырақтағы оттегі концентрациясы, ылғалдылығы мен көмірқышқыл газын анықтайтын датчиктер тыңайтқыштар мен су мөлшерін дұрыс таңдауға көмектеседі, бұл ағаштың жылдам өсуін қамтамасыз етеді. Ал биологиялық түрде оңай ыдырайтын крахмал орамасының көмегімен пайдаланушы ағашты топырағымен қоса бір орыннан келесі жерге оңай көшіре алады. Сондай-ақ күн батареяларының көмегімен құрылғы электр жүк көлігінің энергиясын үнемдейді. Автоматты машина топырақты қопсытып, ағашты түсіру үшін және шұңқырды топырақпен толтырып, құрылғыны қайта зарядтауға небәрі алты минут жұмсайды, ‒ дейді идея авторы.
Жас өнертапқыштың сөзіне сүйенсек, Еco-plant жүк көлігі орманды қалпына келтіру машиналарын шығаратын Bracke Forest құрылғысына қарағанда ағашты дұрыс әрі тез отырғызады екен.
‒ Ағаш отырғызу кезінде жүргізуші Tesla Semi-дің жүру бағытын алдын ала белгілей алады. Өйткені бұл машинаны Wi-Fi модулі арқылы қашықтан басқаруға болады. Ағашты жаңа техникамен отырғызғанда, диаметрі үлкен цилиндрлердің арқасында құрылғы ағашты келесі орынға оңай көшіре алады.
Әзірге макет күйінде жетілдіріп жүрген Еco-plant жобасы қала айналасындағы микроклиматқа оң әсер етеді ойлаймын. Алдағы уақыттағы мақсатым – Батыс Еуропа ‒ Батыс Қытай көлік дәлізі бойымен орман алқабын отырғызу, ‒ дейді жас өнертапқыш.