Kyzylorda-news.kz.   Жаңа жыл жағымды жаңалықтармен басталды. Еңбекті қорғау саласында оң өзгерістер орын алмақшы. Ендігі жерде ауыр әрі зиянды жұмыс істейтін адамдар бейнетінің зейнетін ерте көре алатынын болады. Сонымен бірге бұл зейнеткерлікке шығудан да тиімді, тартымды болатын түрі бар: жауапты шенеуніктердің мәліметінше, төлем көлемі 400 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін.

Қала тұрғыны Асылхан Қойшыбеков 37 жыл машинист болып жұмыс істеген. Қызылорда локомотив депосында тепловоз жүргізіп, 57 жасында зейнетке шыққан. Жыл басынан бері тағайындалған әлеуметтік көмекке ілінгеніне қуанышты.

Теміржол саласы жауапкершілікті талап етеді. Мамандығыма адал болып, жастық шағымды арнадым. Жұмыс барысында түрлі қиындықтар болды. Күн-түн демей, уақытпен санаспай тер төктім. Биылдан бастап зейнетақымызға 90 мың теңгенің үстінде арнаулы әлеуметтік төлем қосылмақ. Бұл 63 жасқа толғанша төленеді екен. Дәрі-дәрмегімізді алуға жақсы көмек, – дейді ол.

Иә, денсаулығына тигізетін зияны барын біле тұра, бала-шағаның қамымен қауіпті мамандықта жұмыс істеп жүрген қаншама адам бар. Өмірін қатерге тігетін кеншілер, өрт сөндірушілер, құтқарушылардың қызметі расымен ерлікпен тең.

Биылдан бастап  ауыр, зиянды жұмыста істейтін азаматтар арнайы әлеуметтік төлем ала бастайды. Оның көлемі орташа есеппен 208 мың теңге шамасында болады. Төлемге қол жеткізу үшін жұмысшы 55 жасқа толған, кемінде 7 жыл міндетті зейнетақы жарнасы болуы шарт. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қазір елде осы санаттағы 685 мың азамат барын айтады.  Мысалы, бір ғана «АрселорМиттал» компаниясында 3400-ге жуық адам арнайы төлеммен зейнетке шыға алады. Сондай-ақ министр экономиканың әр саласында істейтін 2225 мамандық иесінің жұмыс орны зиянды екенін айтты. Зейнетке ерте шығатындар қатарына шахтерлер, металлургтер, рентгенологтар және зиянды еңбек жағдайында қызмет етіп жүрген басқа да мамандар бар.

 Осы ретте біз Еңбек және әлеуметтік қорғау  комитетінің облыс бойынша департамент бас¬шысының орынбасары Төреахмет Жолым¬бетовпен хабарласқан едік. Оның айтуынша, кодекстің  195-1-бабы 2-тармағына сәйкес, зиянды жұмыс істеп 55 жастан кейін зейнеткерлікке шыққан және БЖЗҚ-да кемінде сексен төрт ай міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төленген 34 азамат өтініш берген.

 – Зиянды  жұмыстармен айна¬лысатын адамдарға арнаулы әлеу¬меттік төлемдерді тағайындау үшін қойылатын бірнеше талап бар. Алдымен жұмыскер 55-те және осы жастан асуы тиіс. Сонымен қатар бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында 84 ай және одан көп міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеген, қызметін тоқтатуы немесе зиянды емес басқа жұмысқа орналасуы қажет. 2014 жылдан бері зиянды жұмыс істейтін адамдарға қатысты мемлекет, жұмыс беруші және жұмыскер арасындағы тең жауап¬кершілік қағидатына негіз¬делген зейнетақымен қамсыздан¬дырудың міндетті кәсіптік схемасы енгізілгені белгілі. Жұмыс беруші өз қаражаты есебінен БЖЗҚ-ға зиянды жұмыс¬тармен айналысатын жұмыс¬керлерге 5% міндетті кәсіптік зейнетақы жар¬наларын аударуда. Сондай-ақ «Қызметкерді еңбек қызметін атқару кезіндегі жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы» заңы¬ның 23-1-бабына сәйкес қызметкер үшін өмірді сақтандыру компа¬ниялары мен зейнеткерлік аннуитеттік сақтандыру шартын жа¬сасуға міндетті. Ал кейбір мекемелер мұны жасамай отырғаны белгілі болды, – дейді департамент басшысы.

Зейнет жасына дейін

Арнаулы әлеуметтік төлемдерді қаржыландыруды ресімдеу төрт не екі қаржыландыру көзінен жүзеге асырылады. Оның біріншісі респуб¬ликалық бюджеттен ең төмен күнкөріс деңгейінің екі еселенген мөлшерінде төленеді. Айталық, биылдан бастап ЕТКД 43407 теңгені құрап отыр. Осының 2 еселенген мөлшері беріледі. Одан кейін БЖЗҚ-дан Үкіметтің қаулысымен бекітілген тәртіппен, қолда бар зейнетақы жинақтарын ескере отырып, өмірді сақтандыру компанияларынан 1 ең төмен күнкөріс деңгейі (43407 теңге) мөлшерінде жүзеге асырылады. Сонымен бірге жұмыс берушілердің қаражаты есебінен 1 ең төмен күнкөріс деңгейі (43407 теңге) белгіленген.

Жұмыскерлердің зиянды жұмыстағы еңбек өтілі расталу үшін жұмыс беруші Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне (hr.enbek.kz сайтына)  мәліметтер енгізуге міндетті.

Төлемдерді алуға құқығы бар жұмыскер жұмыс берушіге еңбек шартын бұзуға немесе зиянды өн¬дірістік факторлардың әсерін болғызбайтын басқа жұмысқа ауыстыруға нысан бойынша өтініш береді. Әрі қарай жұмыс беруші еңбек шартын бұзу немесе еңбек шартының талаптарын өзгерту туралы мәлі-меттерді еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне  енгізеді.  Арнаулы әлеу¬меттік төлем проактивті түрде, яғни жұмыскерлердің өтінішінсіз тағайындалады және проактивті қызмет арқылы кәсіби төлемді жүзеге асыру күні жұмыскердің қажетті дербес деректерді жинауға, өңдеуге келісім берген күні болып саналады.

Кодекстің  195-1-бабының 2-тармағына сәйкес, зиянды жұмыс істеген Қазақстан Республикасы азамат¬тарының, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың 55 жастан бастап зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін және олар үшін жиынтығында кемінде сексен төрт ай міндетті кәсіптік зейнетақы жар¬налары төленген кезде – Республикалық бюджеттен ең төмен күнкөріс деңгейінің 2 еселенген мөлшерінде (2024 жылы ЕТКД-43407 теңге.*2=86814 теңге) арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптас-тырылған зейнетақы төлемінен тұратын арнаулы әлеуметтік төлем алуға құқылы.  Аталған екі төлемді алуға құқы бар адамдар тұрғылықты жеріндегі «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорацияның бөлімшесіне өтініш жазып, жеке басты куәландыратын құжат және жеке деректерді жинауға, өңдеуге келісім береді.  

Барлық төлемдер Мемлекеттік корпорация ресімдейтін төлем тапсырмасы негізінде бірыңғай төлеммен банктегі шотына түседі. Олардың мөлшері жыл сайын ең төменгі күнкөріс деңгейінің өсуімен индекстелетін болады. Сонымен бірге ол зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін төленеді, жасына байланысты зейнетақы, базалық зейнетақы және жинақтаушы зейнетақы төлемдері тағайындалғаннан кейін тоқтатылады.

Арнаулы әлеуметтік төлемдер –зиянды жұмыстармен айналысатын жұмыскерлерді қорғау құралдарының бірі. Сондықтан төлем алушы зиянды жұмыспен айналыса алмайды. Егер қайта орналасса, онда барлығы автоматты түрде тоқтатылады.

Әлемдегі қауіпті мамандықтар

Иә, «мамандықтың бәрі жақсы, қажеттісін таңдай біл» деген емес пе? Алайда кейбір мамандықтың табысынан гөрі қаупі басым екенін біле тұра, сол жолды таңдайтындар жетерлік. Мәселен, күні кеше әлеуметтік желідегі жедел жәрдем қызметкерлерінің ауа райының қолайсыздығына қарамай, науқасқа алғашқы көмек көрсетуге бара жатқаны көпшілікті сүйсінтті. Бұл мамандығына деген адалдықты, сонымен қатар өз өмірінен өзгенікін артық қойған дәрігерлер еңбегінің де қатерге толы екенін көрсетеді. Жал¬пы әлем бойынша қандай маман¬дықтар қауіпті саналады екен? Ғаламтор беттерін ақтарып көрген едік.

Ағаш кесуші. Бұл жұмыс биік¬тікпен байланысты болғандықтан, оған қоса электр ара және ағаш дайындайтын техни¬калармен жұмыс істеуге тура келеді. Статистикаға көз жүгіртер болсақ, осы салада жұмыс істейтін 116 адам қаза тапқан.

Жыл сайын жұмыс кезінде орта есеппен алғанда 50-60 шахтер қаза болады. Мұндай жағдайлар көбіне көмір шығару кезінде жердің опырылуынан және де газ бен метанға уланудың әсерінен болып жатады.

Өрт сөндірушілердің қажырлы дайындықтан өтіп, төтенше жағдайлардың алдын алу жолдарын үйренгеніне қарамастан, түрлі жарақаттар алу мен апатқа ұшырау қаупі өте жоғары.

Көпқабатты ғимараттардың терезелерін жуушы. Бұл – өте қауіпті іс және терезе жуушылар міндетті түрде арнайы дайындықтан өтуі қажет.
Биікте жұмыс істейтін электрмонтажшылар – өте сирек кездесетін мамандық. Біле білсеңіздер, мұндай жоғары вольтті желілердегі жұмыстардың көбі жалаңаш қолмен атқарылады.

 Сапер мамандығы да қауіпті. Мәселен, 1996-2002 жылдар аралығында минасыздандыру жұмыстары кезінде 500-ден аса адам қаза тапқан.
Мұнай ұңғыларын бұрғылаушылар тәулігіне 12 сағат жанғыш материалдармен жұмыс істейді. Бұған қоса, бұрғылаушылар жағалаудан жүздеген километр қашықтықта жүреді.

Жаға күзеті және құтқару қызметі су апаттарымен күресе жүріп, адам-дарды аман сақтап қалатын құтқарушылар күн сайын тәуекелге барады.
Жылан сауушылар жыланның уын алумен шұғылданады. Жылан уы көптеген заттардың құрамында қолданылады. Медицина саласындағы маңызы орасан. Бұл жұмыста қауіпсіздік шаралары қолданылғанымен, әр сауу процесі өте қауіпті.

Құрылысшылар қауіпсіздікті қамтамасыз ететін арнайы құрыл¬ғылар қолданғанымен, бұл жұмыста өмірге қауіпті құралдар, ауыр заттар жетерлік. Сонымен қатар биікте жұмыс істеудің өзі ауыр.

Көптеген адам биік таудың шыңына шығуды армандайды. Кейбірі арманын орындау үшін тауға апаратын жолбасшы мамандығын таңдайды екен. Олардың жұмысы тек жол көрсетумен шектелмейді. Жолбасшылар ауыр жүкті көтеріп, қауіпті жолдарды анықтап, өзге адамдардың қауіпсіздігі үшін жауап береді.

Микрочип өндірушінің де өмірі қатерге толы. Компьютерге арналған чиптерді өндіру үшін түрлі қауіпті химиялық заттар қолданылады. Олар¬дың қатарында сынап та бар. Микрочип өндірісі адам өліміне алып келмесе де, салдарынан әйел қыз¬меткерлер түсік тастайды немесе сәбиі денсаулығында кінәратпен туады екен. Сонымен қатар қызмет¬керлер тыныс жолдары ауруларына немесе қатерлі ісікке шалдығуы мүмкін.

АҚ қызметкерлері де әлемде қауіпті мамандықтар қатарынан екен. Дүниежүзі бойынша тілшілерді ұрлап кететін, азаптап немесе өлтіретін жағдайлар да аз емес.

Балық аулау да оңай іс емес көрінеді. Балықшы – әлемдегі қауіпті мамандықтардың бірі. Оған ауа райындағы өзгерістер себеп болады. Барлық мамандық ішінде мамандары ең көп өлімге душар болатын балықшылар болып шықты.

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Тағы да оқыңыз: