Kyzylorda-news.kz Кеше Үкімет отырысынан кейін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен мәжіліс өтіп, онда «Жылыту маусымының өтуі туралы» мәселесі қаралды. Жиында көтерілген міндеттерге сәйкес аудан әкімі Ғалымжан Жарқынбектің төрағалығымен аппараттық мәжіліс өтті.

Биылғы жылыту маусымына аудан бойынша 15 000 тонна көмір қажеттілігі есептелген. Қазіргі таңда Жаңақорған кентіндегі отын қоймасына 6 600 тонна көмір жеткізіліп, оның 4 927 тоннасы тұрғындарға сатылған. Қоймадағы көмір қоры 950 тоннаны құрайды. Көмірдің бір тоннасының бағасы – 25 400 теңге.

Бүгінде аудандағы 14 398 тұрғын үйдің 8 343-і табиғи газға қосылған болса, 6 055 тұрғын үй қатты отынмен жылытылады. Осыған байланысты тұрғындарды көмірмен үздіксіз әрі уақытылы қамтамасыз ету өзектілігін жоғалтпайды.

Аудан басшысы жауапты сала басшыларына әлеуметтік нысандардың жылыту маусымына дайындығын және отын қорының жеткіліктілігін тұрақты бақылауда ұстауды, қажетті көмір көлемінің уақытылы жеткізілуін қамтамасыз етуді тапсырды.

Сонымен қатар, жылыту кезеңінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өрт оқиғаларының алдын алу, адам өмірі мен денсаулығын қорғау мәселелеріне ерекше назар аударды. Осы бағытта профилактикалық жұмыстарды күшейтіп, қатты отын пайдаланатын тұрғын үйлерді улы газды анықтайтын дабыл қондырғыларымен толық қамту қажеттігін ескертті.

Жиында күн тәртібінен тыс Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында елді мекендердегі санитарлық тазалығын сақтау, абаттандыру және көркейту бағытында жұмыстары қаралды. Осыған байланысты жүргізілген мониторинг барысында анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жою және атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Мәжіліс қорытындысымен аудан әкімі Жарқынбек Ғалымжан аталған бағыттардағы жүктелген міндеттердің сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуы қатаң бақылауда болатынын ескертті.

Фото: Жаңақорған ауданы әкімдігі

Тағы да оқыңыз: