Kyzylorda-news.kz Жалағаш ауданының әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Жиында алдағы 2026-2027 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық барысы талқыланды.
Аудан әкімі әлеуметтік нысандардың жылу беру маусымына дайындығын сапалы әрі уақытылы қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтіп, жауапты мекемелерге бірқатар нақты тапсырма берді.
«Аудандағы әлеуметтік нысандардың дайындығы мен отын қорымен қамтамасыз ету бойынша ешқандай мәселе болмауы керек. Тұрғындарға қатты отын қорын жеткізу бойынша ай сайынғы жоспар жасап, кәсіпкерлерге бағаны негізсіз көтермеу бағытында түсіндірме жұмыстарын жүргізіңіздер. Жылу беру маусымында ешқандай кедергілер орын алмауы тиіс. Бұл мәселені қатаң бақылауға алып, қажетті шараларды қабылдаңыздар», – деді А.Ибраимов.
Жиында жылу беру маусымы кезінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі де қаралды. Осы бағытта арнайы жұмысшы топ құрып, адрестік жұмыстар жүргізу, өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау, көмірқышқыл газынан уланудың алдын алу және өзге де оқыс оқиғаларға жол бермеу бойынша профилактикалық іс-шаралар ұйымдастыру тапсырылды.
Сондай-ақ барлық әлеуметтік нысандар мен жеке тұрғын үй секторларын аралап, қауіпсіздік шаралары бойынша жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізу және жылу беру маусымы кезеңінде коммуналдық салалардың үздіксіз қызмет көрсетуін қамтамасыз ету міндеттелді.
