Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте 2027-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы және «2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы, сондай-ақ жылыту маусымына дайындық барысы қаралды. Жиынға Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмаханов селекторлық режим арқылы қатысты.
Бұдан кейін аудан әкімі аппарат мәжілісін өткізіп, тиісті сала басшыларымен бірге күн тәртібіндегі мәселелер жан-жақты талқылады.
-2027 жылға арналған аудан бюджетінің жалпы көлемі 9 млрд. 111,1 млн. теңге көлемінде жоспарлануда, 2028 жылға 9 млрд. 382,4 млн. теңге, және 2029 жылға да аудан бюджетінің көлемі 9 млрд. 382,4 млн. теңге көлемінде жоспарланып отыр. Бұл көрсеткіштер ауданымыздың алдағы жылдардағы қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге, жергілікті кіріс бөлігін ұлғайтуға және әлеуметтік-экономикалық міндеттерін кезең-кезеңімен іске асыруға бағытталатын болады. Инженерлік инфрақұрылым дамыту және әлеуметтік нысандардың құрылысын жүргізу үшін 2026-2027 жылдарға құны 36,1 млрд. теңгені құрайтын 45 жоба облыстық экономика және қаржы басқармасына қаржыландыруға ұсынылды. Бұдан бөлек, құны 5,9 млрд. теңгені құрайтын 5 жоба бойынша жоба сметалық құжаттары әзірленуде. Бұл ұсынылған жобаларды қаржыландыру үшін тиісті жұмыстарды атқаруымыз қажет, - деді аудан басшысы.
Мәжілісте аудан әкімі жергілікті кірістерді арттыру, инвестиция тарту, экономиканың нақты секторын дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы жоспарланған жұмыстарды атап өтті. Сонымен қатар инженерлік инфрақұрылым мен әлеуметтік нысандарды дамытуға ұсынылған жобаларды қаржыландыру, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және сауда салаларындағы өсімді қамтамасыз ету мәселелеріне назар аударды. Осы ретте, тиісті сала басшыларына аудан экономикасының даму қарқынына тікелей әсер ететін барлық көрсеткіштерді тұрақты бақылауда ұстау керектігін екертті.
Мәжілістің күн тәртібінде 2026–2027 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық барысы да қаралды. Өткен жылу беру маусымына аудан бойынша 17 мың тонна қатты отын қажеттілігі жоспарланған. Алайда, тұрғын үйлердің көгілдір отын көптеп көшуіне байланысты 14,2 тонна қатты отын жеткізілді. Алдағы 2026-2027 жылғы жылу беру маусымына аудан бойынша 11 мың тонна қатты отын және 1,9 мың тонна сұйық отын қажеттілігі жоспарланып отыр.
Аудан басшысы аудан аумағындағы білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және әлеуметтік нысандардың жылу маусымына дайындығын толық аяқтау, қажетті отын қорын қалыптастыру және инженерлік-коммуналдық жүйелердің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.
Мәжілісте «Қылмыссыз өңір – кемел келешек кепілі» жобасы аясында құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар қаралды.
Сондай-ақ елді мекендердегі санитарлық тазалық пен абаттандыру мәселесі көтеріліп, анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жою жөнінде жауапты тұлғаларға тапсырмалар берілді.
Аудан әкімі барлық бағыт бойынша белгіленген міндеттердің уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырып, жауапты басшыларға жұмысты күшейтуді тапсырды.
