Kyzylorda-news.kz. Оқу жылының басталуына қарай 80-ге жуық жаңа мектеп ашылады. Жыл соңына дейін барлығы 230-дан астам мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2025 жылдың соңына дейін елімізде 1 000 мектеп салынады. Былтыр 277 мектеп пайдалануға берілді. Биыл тағы 230 мектепті ашу жоспарланып отыр. 1 қыркүйекке дейін 80 мектеп ашылады», – деді оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсембаев.

Оның айтуынша, мектептерді заң бойынша әкімдіктер қаржыландырып, құрылысын жүргізеді.

«Мемлекеттік сатып алулар, жобалық-сметалық құжаттарды дайындау, жер телімдерін бөлу, инженерлік инфрақұрылым, құрылыс жұмыстарын оңтайландыру қажет, қазір онымен арнайы жұмыс тобы айналысып жатыр. Нақты құрылыс салу, әкімдіктердің мектеп салмай, үй салуға рұқсат беру тәжірибесі – ол бөлек мәселе. Соның салдарынан қазіргі мектептер бірден үш ауысымға айналады. Біз заң жүзінде мұндай мүмкіндікті толығымен жоюды талап етеміз», – деп толықтырды Бейсембаев.

Жаңа мектептің басым көпшілігі демографиялық өсім белсенді және оқушылар орны жеткіліксіз аймақтарда салынып жатыр. Бұл Алматы, Атырау облыстары және Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары.
Өңірлердегі 200-ден астам мектепте күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын.

Sputnik.kz

Тағы да оқыңыз: