Kyzylorda-news.kz. Кітапхана – біздің рухани құндылығымыз, теңдессіз байлығымыз, өйткені өткен заман өрнектеріндей тарихты да, әдебиетті де, басқа ғылым  кереметтерін де содан табамыз. Ал кітапханашы – мәртебелі мамандықтың бірі. Сондықтан да біз мектеп кітапханашылары мен кітап мәртебесін  көтерумен бірге, еліміздегі руханияттың насихатшысы екендігін  көрсетуіміз керек.

Осы орайда, аудан әкімінің орынбасары Кете-Төлеби Бержанов облыстық «Жыл кітапханашысы − 2022» байқауының жеңімпазы Құндызай Шалбаеваны  қабылдады.

Кездесуде аудан әкімінің арнайы құттықтауын жеткізіп, аудан абыройын асырған орталық балалар кітапханасының меңгерушісіне ризашылығын білдірді. Сонымен бірге рухани құндылықтарды насихаттау бағытындағы қызметіне сәттілік тіледі.

Атап өтейік, 24 қазан – «Кітапханашылар күні» мерекесі аясында Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен өткізілген «Жыл кітапханашысы − 2022» байқауында аудандық орталық балалар кітапханасының меңгерушісі Шалбаева Құндызай бас жүлдені жеңіп алды. Кітапханашылардың кәсіби шеберлігін шыңдау, беделін арттыру мақсатында өткен байқауда әр өңірден келген қатысушылар төрт бөлімнен тұратын сайыста біліктіліктерін көрсетіп, өзара сынға түскен болатын.
 

Тағы да оқыңыз: