Kyzylorda-news.kz. Қоғамда адамдарды еліктіру, олардың сенімін баурау қарқын алып барады. Және бұл барлық саланы қамтып келе жатқаны қобалжытады.

«Ауруыңнан айықтырады, көзіңді шайдай ашып, аяғыңнан тік тұрғызады» деп не түрлі дәрі дәрмек, қоспалар және әдіс-тәсілдер ұсынады. Тіпті ел аралап қызмет көрсетіп жүргендер қаншама?!

«Санаңды өзгертем, ақылыңды толтырам, керемет бақытты боп кетесің» деген уәжбен тренерлер мен коучтар да самсап жүр.
Ал енді «ештеңе істемей ақша табасың, байып кетесің» деген ұсыныстар түрлі ойындар мен күмәнді жобалар арқылы азаматтарды қаржылық банкроттыққа ұшыратып отыр.

Бүгінгі ақпарат азаматтарды бейнетсіз тез табыс табуға үндейтін, қызықтырып еркін алатын қаржы пирамидасы, қаржылық алаяқтық және заңсыз ойын бағыты бойынша.

2023 жылдың 26 сәуірінде шыққан Қазақстан Республикасының Заңдылықты, құқық тәртібін және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі Үйлестіру кеңесінің шешімімен кәсіпкерлерге қатысты басталған қаржылық пирамиданы құру және оған басшылық ету, алаяқтық және өзінше билік ету бойынша қылмыстарды тергеу құзыреті толығымен Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг органдарына берілді. 

2023 жыл басынан бері Агенттік еліміздің әр аймақтарынан 30-ға жуық қаржы пирамидасын анықтаған. 

Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті соңғы айларда қаржы пирамидасын құрып, оған басшылық жасады деген күдікпен екі факт бойынша сотқа дейінгі тергеуді жүргізуде. Оның бірі – «Chia Tai Pharmaceutical» компаниясының қызметіне қатысты. Адамдарды «www.kzccttqql.com» қосымшасы арқылы медициналық мақсаттағы «CP Pharma» өнімдеріне қатысты салымшы ретінде тартуды жүзеге асырған бұл компания қызметі бойынша арызданған жерлестердің саны 100-ге жуық. Олардың салымы түріндегі залал сомасы – 100 млн теңгеден асып жығылды. 

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 207 бабы 2 бөлігі 1 тармағымен және бір сотқа дейінгі тергеу басталды. Облыс аумағында «Qnet» қаржы пирамидасын құрып, оған басшылық жасады деген күдікпен басталған бұл тергеуде анықталғандай қаржы пирамидасының қызметіне 17 азамат тартылған және залал көлемі 17 млн теңгені құрап отыр. 

Осы орайда айта кету керек, біздің органның міндеті – қылмысты анықтау, оны тергеу ғана емес, заңбұзушылықтың алдын алу. 
Қаржылық алаяқтық деген қоғамға, адамдарға зардабын көп тигізіп отырған құбылыстың бірі. Сондықтан бүгінгі күннің мәселесі – осындай қаржылық алаяқтықты тоқтату, оны болдырмаудың шарасын жасау. 

Осы мақсатта 2022 жылы Қазақтан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі – қаржы пирамидалары мен алаяқтық сайттарын анықтау бойынша әлеуметтік желіге мониторинг жүргізе бастады. «Кибернадзор» ақпараттық жүйесі арқылы қаржы пирамидасы белгісі бар сайттар мен сілтемелерді бұғаттау үшін Қазақстан Республикасының цифрландыру министрлігі жанынан арнайы эксперттік топ құрылған. Жүйе іске қосылғаннан бастап қаржы пирамидасы белгілері бар 4000-ға жақын сайттар мен аккаунттар бұғатталды. Оның ішінде, қызылордалық мамандардың жұмысы нәтижесінде осы эксперттерге 284 сайттар мен сілтемелерді бұғаттауға жолдама берілген, оның 129 сілтемесі бұғатталды, 73 сілтеме эксперттің бақылауында, 47 сілтеме «қол жетімсіз», яғни бұғаттауға берілгеннен кейінгі сәтте  жабылып қалған.

Қолға алынған және нәтижесі көріне бастаған келесі жоба – жастарды қаржылық алаяқтықтан сақтандыру мақсатында оқулар жүргізу. Қызылорда қаласындағы мектептер мен колледждерде 2022 жылдың қазан айынан бастап «Қаржылық сауаттылық негіздері» тақырыбында семинар-сабақтар өткізу  қолға алынды. Осы оқу жылында 32 мектепте, 11 колледжде және «Қорқыт Ата» атындағы Қызылорда университеті мен «Ашық» университетінде барлығы 48 кездесу өткізілді. Мұндай кездесулерде алаяқтықтың түрлерін көрсетеміз, олардан сақтану жолдарын және алгоритмін түсіндіреміз. Видеороликтер мен фильмдер көрсету арқылы түрлі оқиғалардан сақтануға шақырамыз. 

Қызметкерлерден құрылған спикерлер тобы барлық аудандарда болып, еңбек ұжымдарында, жастар орталығында кездесулер өткізді. Және аудандық мектептер мен Шиелі, Арал, Қазалы аудандарындағы аграрлық-индустриялдық колледж оқушыларымен де осындай түсіндірме семинарлары жүргізілді.

Биылғы жылдың бұл бағыттағы тағы бір жаңалығы – Қаржылық мониторинг агенттігі Білім министрлігімен бірлесіп, 10-11 класс оқушылары арасында «Қаржылық қауіпсіздік» тақырыбында алғаш рет олимпиада өткізді. Облыстық білім басқармасы арқылы барлық мектептерге хабарлама жасалып, бірқатар қызылордалық оқушылар осы олимпиадаға қатысуға тіркелді. Алғашқы онлайн өткізілген тест тапсырмаларынан жоғары балл жинаған қаладағы №3, №9, №112 және №144, жеке «Мансап» мектептерінің оқушылары Астана мен Алматы қалаларында өткен екінші кезеңге оффлайн қатысты. Екі оқушымыз жүлделі 3-орынды иеленіп қайтты.

Олимпиаданың мақсаты – қаржылық-құқықтық сауаттылықты көтеру, қаржылық қауіпсіздіктің заманауи трендтерін көрсету, қаржы саласындағы тәуекелдер мен қауіпке қарсы тұруды үйрету.  Балалар қаржылық қауіпсіздік туралы кеңірек білетін болады, одан сақтану үшін әрі қарай тақырыпты зерттей алады. Жас балалар жеңімпаз болып жетістікке жетеді, сонымен қатар басқаларға қаржылық сауаттылықты үйрететін болады.

Қаржы пирамидасынан сақтандыру шаралары барынша пайдаланылуда. Үстіміздегі жылдың мамырында ҚР ҚМА қаржы пирамидасы ретінде әрекет етеді деген күдікке ілінген, сондай ақ сот үкімі шыққан ұйымдардың кеңейтілген тізімін жариялады. Сонымен қатар, қаражатын инвестициялау кезінде азаматтар білгілі бір компанияда қаржылық пирамида белгілерінің бар-жоқтығын тексеру үшін Агенттіктің телеграмм ботын пайдалана алады. Жыл басынан бері бұл ботқа 3511 өтініш келіп түскен.

Десе де, қаржылық алаяқтық жобалары таусылар емес, және адамдардың «жылдам әрі еңбек етпестен табыс табуға» деген құлшынысы да олардың өмірін ұзартып отыр.

Жарнамасы мықты, ұсынысы көз қызықтырып қол бұлғап шақырып тұрған саланың бірі – заңсыз құмар ойындар.      
Өткен 2022 жылы Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өндірісінде 18 қылмыстық іс болды. 18 ойын орны жабылды. 17 қылмыстық іс аяқталып, соттың шешімі шықты. Заңсыз ойын орындарын ұйымдастырған азаматтар, заң шеңберінде, түрлі көлемде айыппұлға тартылды, 6 айдан 2 жыл 6 айға дейінгі әртүрлі мерзімге бас бостандығын шектеу жазаларын алды. Айта кететін бір жағдай, жалға берілген ғимарат пен пәтер иелеріне бұдан әрі «заңсыз ойын қызметіне үй-жайларын берген жағдайда» қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны туралы жазбаша ескерту тапсырылды.

Жергілікті телеарнамен бірлескен бірнеше талдау материалдарын жасап, оған осы ойынқұмарлықтан зардап шеккен адамдарды, психолог-дәрігерді қатыстырдық. Мұндай шаралар адамдарға ой салады,  оң нәтижесін береді деген мақсатпен жасалады.
Заңсыз ойын орындары құрықталу барысында  олардың кассасынан дәл сол сәттегі ақшалай табыс тәркіленеді. Мұндай орындарда ойыншылармен көбінесе қолма қол ақшамен есептесетін болғандықтан заңсыз ойын нүктесінің нақты табыс көлемі анықтала бермейді. 
Мысалы, үстіміздегі жылдың қаңтар айында Қызылорда қалалық сотының үкімімен 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесілген азаматша У.А. заңсыз ойын кәсібін жүргізген алты ай ішінде 8 млн 190 мың теңге табыс тапқан. Бұл ірі мөлшерге жатады. Ойын орнын ұйымдастырушы Алматы қаласының тұрғыны болғандықтан, оның барлық есеп-қисабы жазбаша жүргізіліп отырған. Сондықтан ғана сарапшылардың барлық құжаттамалық негізбен жүргізген есебі арқылы ойыннан түскен табыс көлемін анықтау мүмкін болды. 
Мұндай көлемді қаражат ойынға қатысушы азаматтардың отбасылық бюджетіне келтірілген залал екені түсінікті. 

Қазіргі кезде, сонымен қатар, жастар арасында ерекше танымал және белсенді – «Тик Ток» желісінде таратылған құмар ойындар да құрықталуда. Бұлар, негізінен, карта ойыны, сүйек лақтыру және онлайн рулетка («тринька», «свара», «кубики» и онлайн рулетка) болып келеді. Барлық ойынның принципі бірдей: оның төрттен бірі ұйымдастырушыда қалады, қалғанын жеңімпаз алады. Бәс тігулерді қабылдау және ұтыстарды беру банктік онлайн аударымдар арқылы жүзеге асырылады. Өткен жылы жүргізілген желілік талдау нәтижесінде эксперттер 100-ден астам осындай аккаунттарды анықтады. Жақында ғана осындай «Тик Ток» желісінде құмар ойын ұйымдастырған Алматы қаласының 2 тұрғыны 1,5 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын алды. Тергеу барысында анықталғандай олар бұл қызметтен 4 айда 13 млн теңге табыс тапқан. 
Бұл – заңсыз әрекет!

ҚР ҚК-нің 307 бабында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын ескерте отырып, азаматтарды қырағылыққа шақырамыз.

Тағы да оқыңыз: