Kyzylorda-news.kz. Қазақстанда бұқаралық ақпарат құралдары мен телерадио хабарларын тарату қызметкерлерінің “BAQ KASIPODAQ” салалық кәсіподағы құрылды. Бұл туралы бүгін ZOOM платформасында өткен бейнеконференцияда белгілі болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бейнеконференцияға танымал журналистер мен медиаменеджерлер қатысты. Сол жерде жаңа ұйымның төрағалығына журналистика саласында 30 жылдық тәжірибесі бар танымал тележүргізуші Зейін Әліпбек сайланды.
Осыдан кейін кәсіподақ басшысы құрылымның жоспары мен алдағы бағыттары туралы жан-жақты баяндап берді.
“Алда журналистердің әлеуметтік-құқықтық жағдайын жақсартуды көздейтін көптеген шаруа, игі бастамалар тұр. Әсіресе, журналистердің шеберлігін шыңдап, кәсіби өсуіне бағытталған және қазақстандық БАҚ-тың әлеуетін күшейтуге арналған ілкімді жобалар бар. Оны тек қана кәсіподақ атқарады деуге болмайды. Оның барлығына сіздермен, құрметті әріптестер, бірлесе отырып қана қол жеткізе аламыз”, – деді Әліпбек.
Айта кетейік, 2020 жылдың 10 қаңтарындағы мәлімет бойынша Қазақстанда 3669 БАҚ тіркелген. Республикада 2964 мерзімді басылым, 161 телеарна, 73 радио, 471 ақпарат агенттігі және желілік басылым бар.