Kyzylorda-news.kz Мамандық пен жар таңдаудан қателеспеу керек деген ата-бабамыздың сөзін естіп өскен халықпыз. Иә, өмірдегі ең маңызды дүниелердің бірі осы екеуі екені шүбәсіз. Мамандықтың жаманы жоқ онымен қоса оңайы да болмайды. Әр адамзаттың бір ерекшелігі қызығушылығына қарай қалаған мамандықта оқи алуы. Расымен қалай өмір сүруіміз, кім боларымыз, қай салада бейімделуіміз өзімізге байланысты. Тек оған нақты шешім мен  әркім өзі елестете алатындай болашақ қажет.

Мамандықтың көптеген түрі бар. Бірақ оның ішінде менің таңдаған мамандығым – журналистика. Журналист мамандығы – қиындығы мен қызығы мол, жан-жақты білімділікті талап ететін жауапты сала. Яғни журналистика – төртінші билік. Сол себепті де журналистердің қоғам алдындағы жауапкершілігі үлкен екені белгілі. Мен үшін журналист – мақсаткер, шыншыл, талапшыл әрі бір уақытта тез тіл табысқыш, бауырмал болуы қажет. Батылдық, шыншылдық журналистің басты ұстанатын  құралы іспеттес. Әрине, журналистика көптеген мамандықтардың бірі болғанымен өзіндік ерекшеліктері мол сала. Яғни, ол қашанда жұрт алдында, қашанда қоғам ортасында. Толық түсіндірсем, еліміздегі болып жатқан белгілі бір мәселелерді бірінші болып біліп, дабыл қағатын да журналистер.

Журналист Болат Мүрсәлім «Журналистика – шындықты айтатын, оқиғаны бұрмаламайтын, бүгінгі күннің ең маңызды дүниесін айтатын институт. Ал оның қалай жұмыс істеуі – әр елдің, әр басылымның, қала берді әр журналистің моральдық ұстанымына байланысты. Адам газет оқиды, теледидар көреді, әлеуметтік желілер мен сайттарға шығып жатқан дүниелерді қарайды, автобуста кетіп бара жатып радио тыңдайды. Сол арқылы бүгінгі өмірде не болып жатқанынан хабардар болады. Телеарналардағы талқылауларға құлақ қояды. Әркім өзінше осыған қарап ақ пен қараны ажыратады» деген сауалнамадан-ақ бұл саланың жауапкершілігі мол екенін түсінуге болады.

 Иә, мен осындай қиындығы мен қызығы қатар жүретін, мен үшін ерекше мамандықты таңдадым және осы салада қазіргі таңда білім алудамын. Әркімнің қалаған таңдауы өзіне ыстық болатыны белгілі. Сол секілді мен де өз қалауыма мақтан тұтарлықтай қараймын. Мамандығымның қаншама қыр-сырын үйретіп, нағыз журналист ретінде қалыптастыруға, қызығушылығымды одан әрмен арттыруға тырысып жүрген ұстаздарым қаншама. Білім көкжиегімді кеңейтіп, армандарыма жету үшін көпшілік қызыға да, қызғана да қарайтын бұл саланы әрі қарай жалғастыру менің міндетім деп білемін. Журналистика – заман ағымына қарай алға қарыштауда және қарыштай береді де. Тек ол үшін халықтың ішкі ойын түсініп, жеткізе білетін, шыншыл да шебер, яғни журналист тұлғасы бола алатын адамдар көбейсе, ешқашан болашағы өшпейтін сала болып қала береді. Менің бейнелеуімде нағыз журналист – қоғам сыйлай білетін ерекше тұлға.

Нұрилаәсем ТҰРМАХАНОВА

Тағы да оқыңыз: