Kyzylorda-news.kz. Мемлекеттің даму деңгейі ондағы халықтың тұрмыс сапасымен өлшенеді. Өйткені сол қоғамды құратын халық, әрбір отбасы. Отбасы шағын мемлекет дейтініміз сол. Енді елдің бүгінгі жай-күйіне келсек, анау айтарлықтай көштен қалыс емеспіз, дегенмен әлі де жұртшылықтың жағдайын жақсартуға, тұрмыс сапасын арттыруға, табыс деңгейін көтеруге жұмыс жасау керек.
Мұндағы мақсат әлеуметтің әлеуетін арттыру. Халықтың әлеуметтік жағдайы күн санап жақсаруда.Қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – жастарға лайықты жұмыс табу. Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Мемлекеттік жастар саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру аясында жас түлектерді жұмысқа орналастыру және жастарды жұмыспен қамту бойынша республика көлемінде «Tulga bol» жастарды әлеуметтендіруге бағытталған жәрмеңкесі өтті. «Tulga bol» жастарды әлеуметтендіруге бағытталған жәрмеңкеге 100-ге жуық аудан тұрғындары келіп әр сала мамандарынан жұмысқа орналасу, жастар кәсіпкерлігі, білім, денсаулық салалары, жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар және тағы басқа да бағыттар бойынша кеңес алды.– Біздің жалпы мақсатымыз жұмыссыз жастардың санын азайту. Бұл жоба жастарды жұмыспен қамтамасыз етуге, кәсіпкерлік сияқты мемлекеттік бағдарламаларға қатысты тегін кеңес алуға көмектеседі. Жастарды қолдауға бағытталған бірегей мемлекеттік бағдарламалардың бірі «Жастар тәжірибесі». Бұл жоба 1 жылға дейін мамандық бойынша жұмыс тәжірибесінен өтуге және ай сайынғы кепілдендірілген төлемді алуға мүмкіндік береді. Тағы бір атап өтетіні, аталған жоба оқуын аяқтап, 3 жыл ішінде жұмысқа орналаса алмаған жастарға арналған. Олардың жасы 35-тен аспауы қажет деді, – аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Нұржан Амандық.
Айта кетейік, шараға аудандық білім бөлімі, жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі, кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі, аудандық аурухана, Жалағаш индустриалды-аграрлық колледжі, аудандық кітапхана және балалар кітапханасы, «Samgau» Қызылорда облысының жастар қоғамдық бірлестігі және «Азаматтарға арналған үкімет» МККЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалы халыққа қызмет көрсету бойынша Жалағаш аудандық бөлімінің мамандары қатысып, жастардың көкейінде жүрген сауалдарын тыңдап, мемлекеттік бағдарламалар мен мүмкіндіктер жайлы кеңінен баяндады.