Kyzylorda-news.kz Жалағаш ауданының әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Жиында жұмысшы мамандықтары бойынша кадр даярлаудың жаңа тәсілдері және аймақ басшысы тарапынан жүктелген бірқатар мәселелер қаралып, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді.

«Мемлекет басшысы өз Жолдауында техникалық және кәсіптік білім беру мен жұмысшы кадрларды даярлау мәселесіне ерекше тоқталып, бұл бағыттағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағдарын айқындап берді. Қоғамда жұмысшы мамандықтарына деген жастардың қызығушылығын арттыру, еңбек адамының беделін көтеру – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы еңбек нарығындағы білікті мамандарға тікелей байланысты. Сондықтан ауыл шаруашылығы, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және қызмет көрсету салаларына қажетті кадрларды сапалы даярлауға басымдық беруіміз қажет. Білім беру ұйымдарында еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға ерекше көңіл бөлінуі тиіс», – деді аудан әкімі А.Ибраимов.

Қазіргі таңда аудандық индустриалды-аграрлық колледжде 243 білім алушы бар. Оның ішінде 2026-2027 оқу жылында мемлекеттік тапсырыс негізінде 6 мамандық бойынша 108 студент білім алуда. 9-сынып негізінде ауыл шаруашылығын механикаландыру, электр жабдықтары, дәнекерлеу ісі, тамақтандыруды ұйымдастыру, ал 11-сынып негізінде жеміс-көкөніс өсіруші және дәнекерлеу ісі мамандықтары бойынша кадр даярлануда.

Аудан әкімі жұмысшы мамандықтары бойынша кадр даярлау сапасын арттырып, колледж студенттерінің кәсіби біліктілігін жетілдіруге бағытталған кешенді шаралар қабылдауды тапсырды. Сонымен қатар түлектердің жұмыспен қамтылуына басымдық беріп, олардың еңбек нарығына бейімделуіне жағдай жасау қажеттігін атап өтті.

Аудандық Мансап орталығы филиалы мен жауапты сала басшыларына колледж түлектерін жұмыспен қамту үлесін арттырып, оларды мемлекеттік қолдау шараларына кеңінен тарту бойынша жұмысты жандандыру тапсырылды.

Тағы да оқыңыз: