Kyzylorda-news.kz Бүгін «AMANAT» партиясының облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов партия филиалы жанындағы Өңірлік даму және экономика, кәсіпкерлік, аграрлық секторды қолдау жөннідегі кеңес мүшелерімен бірге Исатай Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық жоғары колледжінде болып, жұмысшы мамандарды даярлау бағытындағы жұмыстарымен тынысып, ұсыныс - пікірлерін тыңдады.

Кеңес мүшелерін қарсы алған колледж директорының міндетін атқарушы Бауыржан Ермұхан колледж тарихына тоқталып, оқу ордасының қабырғасында дайындалатын жұмысшы мамандықтар туралы кеңінен мәлімет берді. Сонымен қатар, кәсіби оқыту және оқу зертханаларымен таныстырды.

Оның айтуынша, колледж «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының сұранысы бойынша 2025 жылдан бастап «Электромонтаждаушы», «Ветеринарлық санитар», «Дәнекерлеу ісі», «Автокөлікті жөндеу слесарі», «Вагон жөндеу слесары» секілді жұмысшы мамандықтарын қысқа курста дайындауға көшкен. Бүгінде өңірімізде аталған мамандарға деген сұраныс күн сайын артып келеді екен.

Сондай-ақ, колледж Германияның «Seven Rivers Technologies» ЖШС-мен 2025-2026 оқу жылына бюджеттік негізде қабылданатын «Шыны талшықтарын және шыны өнімдерін өндіру», «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану, автомобиль электр жабдықтарын жөндеу жөніндегі электрик» жұмысшы мамандықтары бойынша ынтымақтастық туралы меморандум мен келісім-шарты жасалып, оқытуды бастаған.

«Басты ерекшелігі – аталған екі жұмысшы мамандығы бойынша практикалық сабақтарды осы бағытта жұмыс тәжірбиесі бар неміс мамандары үйрететін болады»,- дейді Бауыржан Ермұхан.

Бүгінде жоғары колледжде «Жас маман» – бәсекеге қабілетті маман даярлау жобасы жұмыс жасайды. Осы жоба аясында «Электрмен қамтамасыз ету» жұмысшы мамандығының салалары бойынша 3 зертханаға әрқайсысына 110 млн теңге тұратын жабдықтар алынған. Бұдан бөлек, «Жылу электр станцияларының жылу энергетикалық қондырғылары» зертханасы құны 70 млн теңгелік құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Сондай-ақ, білім алушылар оқу-тәжірибе базасы ретінде пайдалану мақсатында колледж базасында ветеринарлық клиника ашылған. Онда студенттер теориядан алған білімін клиникада тәжірибемен ұштастырады, жануарларға клиника - диагностикалық зерттеулер жүргізіп, арнайы құрал-жабдықтармен жұмыс жасап үйренеді. Клиниканың ветеринарлық дәрігерінің жетекшілігімен ақылы түрде халыққа қызмет көрсетіп қаражат табады, төрт түлік және үй жануарларына алғашқы көмек шақыртуларына барады.

Кездесу соңында колледж басшылығы мен ұжымы партияның облыстық филиалының төрағасы және кеңес мүшелеріне колледждің материалдық-техникалық базасын жаңғырту, өңірімізде жұмысшы мамандықтарының еңбек ақысын көтеру, ғылыми жобаларға қатысуға қолдау көрсетуді сұрап, өз ұсыныстарын жеткізді.

Айта кетейік, қазіргі таңда колледже 1805 студент политехникалық, ауылшаруашылық, кен орындарын игеру және сандық технологиялар, көлік және коммуникация мамандықтары бойынша білім алуда. 95 жылдық тарихы бар оқу ордасында 152 оқытушы 34 мамандық, 35 біліктілік бойынша дәріс береді.

Тағы да оқыңыз: