Kyzylorda-news.kz  Биыл Мемлекет басшысының Жарлығымен «Жұмысшы мамандықтарының» жылы болып жарияланды. Осыған орай, қалалық жастар орталығы «Жұмысшы мамандықтарды насихаттау» әлеуметтік жобасын іске қосты.

Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында қалалық жастар орталығының директоры Медет Жорабек толық ақпарат беріп өтті.

– Бұл жобаның мақсаты – техникалық және кәсіптік саладағы талантты жастарды анықтау, сол саладағы жас мамандардың жеткен жетістіктеріне қарай қолдау көрсету, азаматтық белсендіктерін арттыру. Жоба аясында жетістікке жеткен жастардың еңбегін көрсетіп, еркін форматта пікір алмасу бойынша «JastarX» алаңдары құрылды. Келесі кезекте жас тігіншілер, аспаздар, дәнекерлеушілер, тас қалаушылар, электриктер секілді мамандық иелерінің арасында байқау ұйымдастыру жоспарлануда. Аталмыш байқауларға Қызылорда қаласының 16-34 жас аралығындағы азаматтары қатыса алады. Қатысушыларға орталық тарапынан барлық ресурстық көмек көрсетіледі. Қазіргі таңда қатысушыларды тіркеу жұмыстары басталды, - деді Медет Ерданаұлы.

Әр байқау бағыты бойынша жеңімпаз атанған жасқа 150 000 теңгені құрайтын қаржылай сыйақы табысталады. Жеңімпаздар мен қатысушылар білікті кәсіби мамандардың және арнайы спикерлердің қатысуымен өтетін «Жұмысшы мамандықтар» форумында марапатталады.

Қатысуға ниетті жастар 8 776 567 32 32 байланыс нөмірі арқылы немесе орталықтың әлеуметтік желідегі парақшасы (Qosyl Qyzylorda Jastar Ortalygy) арқылы қосымша ақпарат алуына болады.

Тағы да оқыңыз: