Kyzylorda-news.kz  Соңғы жылдары елімізде еңбек адамдарының мәртебесін арттыру, қоғамда құрмет көзін қалыптастыруға мән беріліп, оларды насихаттауға басымдық берілуде. Сол мақсатта бүгінде жұмысшы мамандықтардың маңыздылығын арттыру, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалау бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Жұмысшы мамандықтарға деген жастардың қызығушылығын арттыру, мектеп бітіруші балаларды осы салаға тартуда кәсіптік-техникалық білім беру орындарының үлесі зор. Бұл ретте кәсіптік-техникалық білім беруді трансформациялаудың 2025-2027 жылдарға арналған жол картасы бекітілген. Онда өңірлік ерекшеліктерге сәйкес жаңа мамандықтар атласын әзірлеу, кәсіптік бағдар беру тұжырымдамасын жүзеге асыру, кәсіби білікті кадрлар даярлау, сапалы жұмыс орындарын құру, жұмысшы кадрлардың мәртебесін көтеру сияқты бағыттар қамтылған.

    Ресми мәліметтерге үңілсек, қазіргі таңда елімізде кәсіптік-техникалық бағытта білім беретін колледждердің саны 700-ден асады екен. Бүгінде колледж ұжымдарына артылған жауапкершілік жоғары. Болашақта қажетті маман иесін даярлауды олар бүгіннен бастауы керек. Арал ауданында да бұл бағытта Арал көпсалалы колледжі еңбек етуде. Аталған оқу орны 1959 жылы 23 желтоқсанда ауданның «Сульфат» поселкесінде №169 селолық кәсіптік-техникалық училище болып жұмысын бастаған. 1973 жылы Арал қаласында училище филиалы ашылып, одан кейінгі жылы толығымен соған көшіріледі. Оқу-тәрбие және өндіріс бағытындағы жетістіктері үшін атауы 1989 жылы экспериментальді тірек училищесі болып ауысады. Ал 1993 жылы №16 Арал жоғары кәсіптік-техникалық лицейі дәрежесін алады. 1998 жылы №2 кәсіптік-техникалық лицей, 2002 жылы №2 кәсіптік-лицей аталады. Ал 12 жылдан бері Арал көпсалалы колледжі болып өзгерген. Бүгінде кәсіби білім мен өмірлік дағдыларды меңгерудің берік негізін қалайтын іргелі білім ошағына айналған. Онда кәсіби құзыретті мамандар даярлауға мүмкіндік бар. Қазір білім ошағында 300-ге жуық өрен  11 мамандық, 26 біліктілік бойынша білім алуда. Оқу ордасы мемлекеттік лицензияға ие және техникалық, кәсіптік бағыттағы заманауи маман даярлауға толық мүмкіндік беретін материалдық-техникалық базамен толықтай қамтылған.

  Білім ордасының басшысы Нұралы Әбішов, колледждің басты миссиясы – кәсіби білім беру арқылы тұрақты әлеуметтік-экономикалық өсуді қамтамасыз ететін техникалық және кәсіптік білімі бар бәсекеге қабілетті мамандар даярлау екенін айтады. Оның сөзінше, дуальді оқыту жүйесі бойынша биыл білім алушылардың 33 проценті немесе 100-ге жуық студент техникалық және кәсіптік білім беру ісіне тартылған. Олар дуальді оқыту бойынша аудандағы өндіріс, шаруашылық серіктестіктері мен мекемелерде өндірістік тәжірибеден өтіп, теориялық білімін тәжірибе жүзінде шың­дауға мүмкіндік алған. Оқушылар «Аралтұз» зауыты, «Арал құрылыс» серіктестігі, «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы», өзге де жеке кә­сіпкерлермен өндірістік тәжірибеден өту туралы келісімшарт жасаған.

  Колледж ғимараты осыдан 5 жыл бұрын күрделі жөндеуден өткен. Жылу қазандығы көгілдір отынға қосылған. Ғимаратта қауіпсіздікті сақтау мақсатында іші-сыртына 60 бейнебақылау камерасы қойылған екен. Бсонджай-ақ барлық мамандық бойынша оқу кабинеттері, зертханалар мен шеберханалар қажетті құралдармен жабдықталған. Ал тәжі­рибе жи­нақтау сабақтары автомобильге тех­ни­калық қызмет көрсету орталық­тарында өткізіледі.

 Ұжымда студенттерді білімді де білікті ұстаздар қауымы білім нәрімен сусындатып жүр. Өздерінің біліктілігін дәлелдеген ұстазда, білімін дәлелдеген студенттерде жетерлік. Мәселен, өткен оқу жылында арнайы пән оқытушысы М.Аралбекқызы «Жылдың үздік педагогі» атты республикалық бай­қауда І дәрежелі диплом иеленсе, өн­ді­рістік оқу шебері Н.Сарбөпеев «ҚР үздік еңбек адамы» республикалық байқа­уында жеңімпаз, «WorldSkills Kazakh­stan-2024» республикалық чемпионатында «Кірпіш қалау» құзыреттілігі бойынша Дархан­бек Жұманов ұстазы Ғ.Назаровтың жетек­шілігімен «Үздік шебер» атанған. Бүгінде колледж түлектері аймақтың түрлі өндірістік кәсіп­орындарында, мекемелерінде, жеке секторда табысты еңбек етуде.

  Аудандағы тағы бір кәсіптік-техникалық білім беру мекемесі бар. Ол жүз жылдық тарихын қалыптастырған Арал индустриалды-техникалық колледжі. Бұл білім ошағы – уақыт талабына сай бәсекеге қабілетті, кәсіби маман даярлауды мақ­сат еткен жұмысшы мамандықтардың ұс­та­ханасы. Ол 1927 жылы балық аулау артелі болып құрылып, жергілікті тұрғындарды балықшылар бригадирі, ау құралдарын септеп-тоқу ісіне үйреткен. Ал 1955 жылы ағаш, темір ұсталарын, қайықтың матрос, мотористерін даярлайтын қолөнер училищесі болып қайтадан құрылған. Осылайша әртүрлі даму сатысынан өткен оқу орны 2012 жылы Арал индустриалды-техникалық колледжі деген атауға ие болған. Қазіргі таңда колледж қабырғасында 300-дей студент білім алуда. Оларға мемлекеттік талапқа сәйкес 6 мамандық, 7 біліктілік бойынша дәріс беріледі. Студенттердің алған білімін тәжірибемен ұштастыруда 23 жеке әлеуметтік серіктестікпен келісімшарт жасалған. «Жұ­­мысшы мамандықтар жылына» орай техникалық және кәсіптік білім бе­руді трансформациялаудың 2025-2027 жыл­дарға арналған «Жол картасы» аясында республика көлемінде 11 техни­калық жә­не кәсіптік білім беру орнымен ынты­мақ­тастық меморандумы қабыл­данған.

Білім ордасының директоры Рақым Айназаровтың айтуынша, «Жас маман» жобасы аясында іске қосылған дәнекерлеу тренажері, тігін ма­шиналары сияқты инновациялық технологиялармен жабдықталған оқу шеберханалары студенттерге теориялық білімді тәжірибемен ұштастыруға, кәсіптік құзы­реттілікті қалыптастыруға мүмкіндік бе­реді. Колледж әкімшілігі алдағы уақыт­та халықаралық стандарттарға сәйкес оқы­ту бағдарламаларын дайындап, инженер-пе­дагогтердің біліктілігін арттырып, сұра­нысқа ие мамандықтарға жаңа оқу үлгісін ұсынуды жоспарлауда. Материалдық базаны жаңғырту не­гізінде кадр даярлау және қайта даярлау үшін құзыреттілік орталығын құруды көздеген ұжым 2022 жылы алғаш «Сән технологиясы» және «Дәнекерлеу технологиясы» құзыреттілігін ашқан. Осындай жаңа оқу технологиялары мен заманауи техникалық құрылғылардың ар­қасында колледждің оқу-материалдық ба­засы нығайтып, колледж базасының то­лыққандылығы, білім ордасындағы білім мен білік дағдысының тең болуына, соңғы үлгідегі құрал-жабдықтарды пайдалана отырып, мамандардың ой-өрісін техникаға бағыттау олардың құштарлығын арттыруға мүмкіндік жасаған. Елімізде «Жұмысшы мамандықтар жы­лын» өткізудің кешенді іс-шаралар жос­пары бойынша атқарылған жұмыстар жастардың кәсіби бағдарын айқындауға, кәсіби біліктілігін дамытып, қоғамда жұмысшы мамандығының беделін арттыруға жол ашып отыр. Білім ордасы студенттердің қолайлы білім алуына жағдай жасау мақсатында өндіріс орындарымен байланыс жасап, олардың қолдауын сезініп келеді. Биыл «Арал-Құры­лыс» ЖШС-ның демеушілігімен колледж ғимара­ты­ның кіреберіс аумағы асфальтталса, қала әкімі Батыржан Ұзақовтың және «То­ғыс-Аралотын» ЖШС-ның директоры Мейрамбек Жұмашевтың қолдауымен жаз­дық спорт алаңы салынып, жасанды көгал төселген. Автокөлікке техникалық қыз­мет көрсету шеберханасы да өндірістік табыс есебінен жөнделіп, студенттердің тә­жірибелік дағ­дысын қалыптастыруға қо­лайлы жағдай жасалған.

Биыл колледж базасында жас мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға негізделген «WorldSkills -2025» чемпионатының аймақтық кезеңі өткізілген. Мұндай маңызды іс-шараның бұл оқу орнында өтуі ұжым үшін үлкен маңызға ие. Сондай-ақ байқауға қатысқан оқушылары да олжасыз болмаған. Ал байқау нәти­жесінде колледж студенті «Дәнекерлеу технологиясы» құзірет­тілігі бойынша Т.Әбдібақыт 1-орынды еншілеген. Чемпионаттың аймақтық іріктеу кезеңінде студенттер 6 құзыреттілік бойынша бақ сынап, 5 құзыреттіліктен жүлделі орындарға ие болған. Бұл да студенттердің біліммен тәжірибені ұштастыра отырып, сапалы білім алуының көрсеткіші болса керек.

Кәсіптік-техникалық білім беру, жастарды сол бағытқа икемдеу бүгінгі заман талабына айналып отыр. Аталған колледж ұжымдары еліміздің дамуына орасан зор үлес қосатын, бәсекеге қабілетті маман даярлауда үлкен жауапкершілікпен еңбек етуде. Ал студенттердің сапалы білім алып, оны әрі қарай ел игілігі жолында жұмсауы жарқын болашақтың кепілі болары сөзсіз. 

Тағы да оқыңыз: