Kyzylorda-news.kz. Сыр бойының күріш шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Бүгінде қойнауына құт қонған Шиелі ауданы еңбекшіл елдің арқасында ырысы еселенген өңірге айналды. Тіпті, ақ күрішін ақ күмістей сапырған көзі тірісінде «Дала академигі» атанып, елінің абырой, атағын аспанға көтерген алып тұлға Ыбырай Жақаевтың халқына сіңірген еңбегі ерен. Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырында омырауына қос «Алтын жұлдыз» тақты, одан соң «Қызыл Ту» колхозының звено жетекшісі, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Сыр диқандарының ұстазы атанды. Қасиетті Жер-Ананың төсінде маңдай терін төгіп, табан етін сөгіп жүріп еңбек етіп, күріштен мол өнім алып, рекорд жасап, жоғары деңгейге жетуі Ыбырай атаның кейінгі буынға көрсеткен үлгі-өнегесі.
Сыр елінде, оның ішінде Ыбырай Жақаевтың туған өлкесі Шиелі ауданының еңбеккерлері күріш егісінің көлемін арттырып, Сыр маржанынан шашу шашса, осы табыстың тайқазанын тасытушылардың қатарында Ыбырай Жақаевтың ізбасарлары көп болды. Олардың арасынан елдің анасына айналып, кеуделеріне «Алтын жұлдыз» таққан Ұлбала Алтайбаева, Шырынкүл Қазанбаева, Қазына Жүсіпова, Заһира Ержанова, Жадыра Таспанбетова сынды еңбек майталмандары өсіп шықты.
Социалистік Еңбек Ері, Батыр ана, Кеңестер Одағының Жоғарғы Кеңесінің депутаты, бақытын еңбектен тапқан, ізгіліктің үлгісі, он үш құрсақ көтерген асыл ана – Ұлбала Алтайбаева Ыбырай Жақаев шәкірттерінің бірі де бірегейі. Еңбекші ауылында 1923 жылы өмірге келген Ұлбала апа елінің даңқын еңбегімен төрткүл дүниеге паш еткен бірегей тұлға. 1930 жылы мектеп табалдырығын аттап, 1938 жылы комсомол қатарына өткен. 1942 жылы Ұлы Отан соғысына аттанған ағасы Күнбайдан қалған 20 гектар жерін қабылдап, күрішке сушы болған. Комсомол жастар звеносының жетекшілігіне, соғыс жылдарында колхозда басқарма мүшелігіне сайланады. 1945 жылы мамырда коммунистік партия қатарына қабылданған. Жақаевшылар қозғалысының бел ортасында жүріп, Сыр өңірі қыз-келіншектерінің қарапайым кетпеншілігін, егіншіліктің күрделі агротехникалық күтіп-баптау тәсілдеріне дейін меңгере білді. 1948 жылы балалық шақтың қызығын көрмей, жасынан соқаға жеккен атты жетектеп, шөп-шалаңды қолымен орып, ата-анасына сүйеу болды.
Есейе келе ауылдастарымен бірге қолдан атыз салып, жер тырмалап егін екті, күріш алқабында белуардан су кеше жүріп тыңайтқышты қолдан септі. Сөйтіп жүріп үлкендерден көргенін санасына сіңіріп, тәлім-тәрбие жинап, төзімділік мінезін қалыптастырды. Жер-Ананың төсін иітіп, ырысын туған халқына ұсынған ардақты ел анасы еңбек майданында ерлікке пара-пар істер атқарған. 1955-1970 жылдары «Коммунизм» колхозында колхозшы болды. Уақыт өте Ұлбала апаның еңбекқорлығы мен жауапкершілігін көріп жүрген ұжымшар басшылары оны күрішшілер звеносының жетекшісі етіп тағайындайды. Атап айтар болсақ, 1970-1972 жылдары «Гигант» колхозында күріш звеносының жетекшісі. 1972-1976 жылдары «Коммунизм» колхозында күріш звеносының жетекшісі болып еңбек етті. Өзінің пайдасынан көпшіліктің мүддесін жоғары қойып, тынымсыз еңбек етудің нәтижесінде ол күріш өнімін жинауда жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Ұстазы Ыбырай Жақаевтың күріш өсірудегі озат үлгісі мен ғылымдағы озық жетістіктерін шебер қолдана отырып, диқан ретіндегі өзіндік тәжірибесін жетілдіріп, шеберлігін шыңдай түсті.
«Жердің тілін білсең, тілдей жерден жылдық өнім аласың» демекші, алғашқы жылы әр гектардан 30-35 центнерден өнім алса, ол кезең үшін үлкен көрсеткіш еді. Содан 1971 жылы күріштің әр гектарынан 72,7 центнерден таза өнім алудан бастаған диқан жерге қатысты барлық талаптарды орындаудың нәтижесінде 1972 жылы 109,3 центнер өнім алса, 1973 жылы 107 центнерге көтеріп, жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Одан соң, 1976 жылдан бастап «Еңбекші» совхозында жүгері өсірумен айналысты. Жүгері егістігінің әр гектарынан 190 центнерге дейін өнім алды. Осылайша, төгілген ащы тердің дәулеті де ретімен келе бастады. Аудан, облыс және республика көлемінде көптеген марапаттарға ие болды. Кеңес өкіметі қажырлы еңбегін ескеріп, 1973 жылы СССР Жоғарғы Советінің Жарлығымен «Социалистік Еңбек Ері» атағын, «Ленин» орденін берген. Отыз жасында Кеңес одағының «Ерен еңбегі үшін» медалін ¬кеудеге тақты. Қазақстанда «Халықтар достығы» орденін тапсыруға байланысты 1973 жылы 15 тамызда болған салтанатты жиында КПСС Орталық Комитетінің Бас хатшысы Л.Брежнев: «Коммунизм» колхозының звено жетекшісі Ұлбала Алтайбаева, бұл тамаша әйел, ардақты ана былтыр 20 гектардан 109 центнерден өнім алды, сол үшін оған Соцалистік Еңбек Ері атағы берілді. Демек, Алтайбаева жолдас екі мәрте ер» деп атап өткен еді. Осылайша, тәжірибесін толықтырып, ел экономикасының көтерілуіне қосқан қомақты үлесі мен өндірістегі ең жоғары көрсеткіштері үшін 1973 жылы Ленин орденімен марапатталып, Социалистік Еңбек Ері атанды. Қазақстанның Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланып, үлкен мінберлерден сөз сөйлеп, ауыл шаруашылығының өркендеуіне үлес қосты.
Есімімен-ақ тұтас бір ұлттың қадір-қасиетін, өшпейтін өнегесін, мәңгілік дәстүрі мен салтын түсіндіріп тұратын тұлғалардың әрі санаулы асылдардың қатарында жерлесіміз Ұлбала апаның орны ерек. Халық арасында сыр салысын өсірудің хас шебері деп те аталатын абзал анамыздың елдің ертеңі үшін төккен терін еске алсақ, мұқалмас жігерді, таусылмас күш-қуат тасқынын, діттеген мақсатына жетпей қоймайтын алапат ынтаны байқаймыз.
«Адал еңбек етсең, алдыңнан ақ жол ашылар, ел-жұрттың алдында еңсең биік болса, қалғанының бәрін Алла өзі жеткізер» – дейді дана халқымыз. Ел алғысына бөленген ардақты анамыз Еңбек Ері, әрі Батыр ана – Ұлбала Алтайбаева осындай сөзге лайық жан еді.