Kyzylorda-news.kz Бүгінгі таңда өзекті мәселенің бірі − ол сотталғандарды жаза өтеу мерзімі кезінде жұмыспен қамтамасыз ету. Адал еңбек еткізу арқылы олардың қоғамға керек екендігін сезіндіру болып табылады.   Елімізде сотталушының жазасын өтеп жүріп жұмыс істеуіне мүмкіндік бар.Осыған орай Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №37 мекемесінде  жазасын өтеушілерді жұмыспен қамту үздіксіз жүргізілуде.  Қазіргі күні мекемедегі 130-ға жуық сотталған қала ішіндегі жеке кәсіпкерлерде келісім -шарт негізінде жұмыс жасайды. Солардың бірі – Болат есімді жазасын өтеуші азамат.  Ол үлкен жүк көліктерін жөндеумен айналысады.

   − Бұл мекемеде жұмыс жасап жатқаныма 1 жылдай болды. Мұндағы жұмысым өзіме ұнайды. Ер адам болғасын машина жөндеу жұмысы қолымыздан келеді. Жалақымыз уақытылы төленеді. Зейнетақы қорының аударымдары да уақытылы аударылады. Сондықтан осы жұмысқа бірден келісе кеттім. Жалақымнан артылғанын отбасыма жіберіп тұрамын. Өз ісімнің маманымын деп айта аламын. Абайсызда жол көлік оқиғасын жасап, істі болдым. Жазамды өтеп, бір жағынан жұмыс жасап, жалақы алып жүргенім қуантады. Бостандықта екі қолға бір күрек таппай сандалып жүргендер де жетерлік. Бір байқағаным мекеме әкімшілігі осындағы жазасын өтеушілердің қандай мамандыққа икемі барын анықтап, жұмыс көздерін тауып орналастырады. Жұмыс орнымызға сағат 9-да барып кешкі 6- ға дейін жұмыс жасаймыз. Бір жағынан ойымыз бөлінеді. Бостандықтың қадірін түсініп жатырмыз, − дейді жазасын өтеуші.

         Бостандықтың қадірін түсінген азамат алдағы уақытта өзінің жақсы тәртібін, еңбекқорлығын көрсететін болатындығын жеткізді.

− Сот үкімімен жазасын өтеуге жіберілген әрбір сотталған азамат толық зерделенеді. Олардың икем-дағдыларына, білім-біліктеріне қарай жұмысқа орналастырамыз. Сотталғандар еңбек ету арқылы мемлекетке, сот орындаушысына немесе жәбірленушіге берешегін өтеп, ал, ешқандай қарызы жоқ еңбек етуші жалақысының жартысын отбасына жіберіп, қалған бөлігін өз қажеттілігіне жұмсайды,−дейді мекеменің сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру тобының инспекторы әділет лейтенанты Азиза Асылханқызы.

Тағы да оқыңыз: