Фото: santerramed.ru

Kyzylorda-news.kz  Бүгінде екінің бірі ашуланшақ, ауыр сөз көтере алмайтын хәлге жеткен. Қит етсе, «жүйкемді тоздырма», «ашуыма тимеші» деп бір-бірін жағасынан алуға құмар. Бұл тіпті бесіктен белі шықпаған балаларға тән ауруға айналды.Жасы үлкендерді түсінуге тұрарлық, ал, жасөспірімдерге не жорық? Болмашы нәрсеге қабағымыз кіржиіп, агрессияға беріліп жатамыз. Бұның себебі неде? Тарқартып көрелік…

Адамның бәрі асығыс. Жұмыстың бәрі қарбалас. Нәпақа табамыз деп сабылған жұрттың отбасына бөлер уақыты аз. Тіптен жұмыс бабымен айлап, жылдап үй бетін көрмейтіндер қаншама. 

Ата-ана баланың, баласы ата-ананың қалауын таппай, түсініксіздік  әуес.  Баршамыздың досымыз сырласымыз – телефон. Одан пайдалы нәрсені көріп, жақсысын бойына сіңірсе бөлек әңгіме. Интернетте өріп жүрген жас түгіл, жасамыстың жанын түршіктірер сорақылықтарды көрсе, уланған сананы қайта қалпына келтіру оңайға соқпасы анық.

Осындай жағдайлар адам жүйкесіне жүк түсірері анық. Жүйке жүйесі – адам ағзасының қоршаған ортаға бейімделуін реттейтін жүйе. Кез-келген бұзылулар, тамақтанудың жетіспеушілігі, созылмалы улану, күнделікті стресс жағдайларында жүйке ұлпалары нашарлайды. Жүйке жүйесінің әртүрлі аурулары туындайды. Неврологиялық бұзылыстар жас талғамайды, тіптен жатыр ішінде де дамуы ықтимал. Бұл әлемде ең көп таралған аурулардың бірі. Жүйке жүйесіне әсер ететін бұзылулар мен аурулардың саны өте көп.  Оларға: эпилепсия, ісіктер, көптеген склероз,  диабеттік нейропатиялар және басқа метаболикалық бұзылулар, инфекциялар және т.б ауру жатады.

Жүйкенің әлсіреуіне ересектерде және балаларда не себеп екенін дәрігер-невропатолог Жанна Искендировадан сұрадық.

– Бүгінгідей алмағайып уақытта әлеуметтік-экономикалық жағдай, экология, бас ауруы және көбіне әйел адамдардағы  қан аздығы жүйке жүйесінің әлсіреуіне әкеліп жатады. Өзім  жүйке жүйесі сыр берген жандар күн санап көбейді. Осы салада жұмыс жасап келе жатқаныма он бес жыл болды. Психикалық бұзылу адамның өзіндік жай-күйінің ауытқуынан ғана емес, ол негізінде экологиялық фактор мен психологиялық титықтауға жататын «психосоматикалық аурулар» деп аталатын жағдаяттар есебінен де көбейіп келеді. Жұмыссыздық, халық тұрмысының төмендеуі, жетіспеушілік, тағы басқа себептер. Депрессия жас талғамайды. Азаматтарымыз үйде жұмыссыз отырып қалды, оған үйрену оңай шаруа емес. Ал мұндай жағдай кез келген адамның психикасына әсер етпей қоймайды. Жүйке дертіне шалдыққандардың жүрек ауруына ұшырау қаупі сау адамдарға қарағанда екі есе жоғары. Жүйке ауруларының тағы бір жиілеп кетуінің себебі – сырт көзге дені сау көрінетін көптеген адамдар қоғамдағы, отбасындағы түрлі қарама-қайшылыққа толы жағдайларды ойлап, жан күйзелісінде жүреді. Адамдардың әлеуметтік жағдайы жақсы мемлекеттерде мұндай дерттер аз кездеседі. Азаматтары қалыпты өмір сүретін кейбір елдердегі жүйке ауруының көрсеткіші бізге қарағанда көп төмен. Іштей сарыуайымға бой алдырып, жан күйзелісінде жүретін адамның ағзасында кінәрат бар екенін сырт адам байқай қоймайды. Оны тек компьютерлік құралдар арқылы ғана зерттеп анықтауға болады.
Егер жүйке ауруының бастапқы сатысында ем алмай асқындырып алса, кеселдің психиатриялық сырқатқа ұласып кетуі әбден мүмкін. Бастан жарақат алу, дене қимылын жасамай бір орында тапжылмай отыру да жүйкенің ырғақты жұмысын әлсіретіп, жон арқаның ауруы, жұрт арасына кеңінен тараған остеохондроз сияқты ауруларға ұшыратады. Мұндай аурудың асқынған түрінің алдымен инсульт алдыртып, соңы өлімге душар етуі мүмкін. Оған мидағы кейбір қан тамырларының жіңішкеріп, ағзаға тарайтын қан ағысына бөгет жасауы түрткі болады. Медицинада қанның қоюланып, ұйыған түйіршегінің тамырды бекітуін тромб деп атайды. Бұл өте қауіпті. Егер ондай адамға дәрігерлер дер кезінде көмек көрсетпесе, ондай адамның ажал тырнағында кетуі ықтимал.
Неврологиялық ауруға кез-келген адам шалдығуы мүмкін,– дейді невропотолог маман.

2022 жылы дәрігер невропатологтың алдына Жаңақорған кенті бойынша ересектер мен балаларды қосқанда 8219 адам барса, 2023 жылдың қараша айына дейінгі мәлімет бойынша 13362 адам маман көмегіне жүгініпті. Учетта тұратындар саны 713 адамды құрайды. Бұл дегеніміз, жүйкесі шаршаған адамдар жыл өткен сайын көбейіп келе жатыр.
Невропатолог маманға жолығушылардың дені мұғалімдер екен. Баламен жұмыс оңай емес. Ұстаз болған жалықпас үйретуден балаға демекші, балаға барын беретін ардақты ұстаздардың да жүйкесі темірден емес. Ұстаз мәртебесін заңдық тұрғыда бекітіп, педагогтердің ортақ қоғамдық жұмыстан босатқанымен, ата-анаолардың көзқарасы өзгерді ме? Көп жағдайда баланың сөзін сөйлейтін ата-аналдар мұғалімдерді қадағалауға дайын тұрады. Бұдан бөлек, барлық сала мамандары да невропотолог маманның алдынан өтеді. Таз ашуын тырнадан алады дегендей, олардың көбі сыртқа, жұмыс барысында шаршағандарын байқатпағанымен, отбасына барғанда ашу шығаруы мүмкін. 
Психолог Аида Айнақожаевамен де тілдесіп оған шағым айтып келетін кімдер және себептері қанадай екенін сұрадық. 

– Адам дүниеге келгеннен бастап, қартайғанға дейін біздің ағзаға сыртқы ортаның факторлары өз әсерін береді. Адамдардың бәрінің басында жағдайаттар болады. Мысалы, бірінде денсаулығы нашар, бірінің материалдық жағдайы төмен және отбасылық мәселелер болады. Осы аталғандардың бәрі жиналып адамның жүкесінің әлсіреуіне әкеліп соғады. Көбінесе бізге келген емделушілер бас ауруы, бастың айналуы, құлақтың шуылдауы секілді шағымдармен жиі жүгініп жатады. Қазіргі таңда қимыл қозғалыстың аз болуы салдарынан омыртқа бойларында ауырсыну кездеседі. Осылайша, салауатты өмір салтын ұстанбау, стресс, және қоршаған орта бұның барлығы айналып келгенде адамға тек зиянын келтіреді. Ал, жүйке жүйесі бұған әсер етіп, жағымсыз әсердің орнын толтыруға тырысады. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек қазақстандықтардың 7%-ы түрлі неврологиялық ауруларға шалдыққан. «Ал жүйке жүйесі әлсіреген адамда мына белгілер пайда болады. Сөздегі өктемділік, агрессия, депрессия, стресс жағдайлары диструктивті мінез-құлықты тудырады. Ата-аналар баласына шағым айтса тыңдамайды деп, бала қатарммен бірдей киіне алмадым, қымбат гаджет ұстай алмадым, көп шектеу қояды деп ата-анаға шағым айтады. Осындай адамдармен сырласып, сауалнамалар алып кеңес береміз. Барлық мәселені сөйлесіп, ортақ шешім шығарып, ашуға бой алдырмай, ұрыс-жанжалсыз шешуге шақырамыз. Мектеп аралап, оқушыларға семинар өткіземіз. Адамдарды қандай жағдайда да  барынша сабырлы болып, өтпелі нәрселерге жүйкені жұқартып, денсаулықтарын құртпаса екен дейміз, – дейді ол.

Ұялы телефонмен ұзақ сөйлесетін балалардың жүйкесі жұқарып, депрессиялық синдромға ұрынуы жиілейтін көрінеді. Адамдар пойызда, лифт ішінде телефонмен сөйлесіп жатады. Ең зияны да осы екен. Әсіресе, жастар қазір алаңсыз қалта телефонына таңылған, қолдарынан бір тастамайды, құлақтарынан түспейді. Түнде құшақтап ұйықтайды. Әйтеуір тыным жоқ. Бұл адамға білінбегенмен, жүйкесіне үлкен салмақ түсіріп жатыр. «Бүгінгінің балалары ашушаң» дегеннің себебін тек осыдан көрсек болады.
«Ауруды емдегеннен гөрі, алдын алған оңай». Денсаулықтың барында қадірін білейік. Егер әрдайым көңіл күйіңіз жабырқаулы болып жүрсе, өміріңізде бірдеңені өзгерту керек. Жұмыстан көбірек демалуға тырысыңыз, таза ауада табиғат аясында серуендеңіз, ұйқыңызды реттеп, өзіңізді уақытылы ұйықтауға қалыптастырыңыз. Ойыңызды басқа жаққа бұрып, көңіліңізге жағатын істермен айналысып көріңіз.

Әсел РЗАЕВА

Тағы да оқыңыз: