Kyzylorda-news.kz. Қазіргі кезде наны жүріп тұрған кәсіптің бірі – жылыжай десек, қателеспейміз. Тірнектеп істеген тірліктің табыссыз қалмайтынын түсінген Жандос бүгінде жылыжай жайын жетік меңгеруге кіріскен. Жылыжай салу, оның бабын табу оңай шаруа емес. Десек те, кәсіптің көзін білсең, құпиясына қанықсаң, алынбайтын қамал жоқ. 

Қазір ауданда кәсіптің бұл түрін қолға алғандар саусақпен санарлықтай. Тіпті аудан әкімінің төрағалығымен өткен жиындарда әрбір елді мекенде кемінде 1 жылыжайдан ашуға жұмыс жасау төңірегіндегі тапсырма да өз деңгейінде орындалмай отыр. Ал кейіпкеріміз жылыжай ашып, мол табысқа қол жеткізуге болатынын айтады. Оның алдағы уақытта кәсібінің көкжиегін кеңейтуге күш саламын деуі де сондықтан.Қызанақ пен қиярдың нарықтағы бағасы қазір 1000 теңгеге жуықтайды. Ал маусымында оның құны арзандайтыны тағы да анық. Сондықтан Жандос Карбоз биыл жылыжайға қияр, тұщы бұрыш секілді бірқатар көкөніс көшеттерін ақпан айының басында-ақ отырғыза бастапты. Қазір мұндағы қиярдың түйнегі жарты қарысқа жуық¬тайды. Демек, алдағы 2 аптада жергілікті кәсіпкердің жылыжайында күтіп-бапталған көкөністер нарыққа шығарылады. 
– Бұрын үйдегі үлкендер бір жұмысты бастау үшін бәрі қаражатқа келіп тіреледі дейтін. Ол тұста расында қаржы тапшылығы тек кәсіп ашуға ғана емес, барлық саланың серпін алуына қолбайлау болды. Ал қазір ше, қазір мүлде басқа. Сен тек мақсатыңды айтсаң болды, сол төңіректе жобаңды дайындауға да мемлекет жәрдем береді. Мұнан бөлек қаржылай қолдауы тағы бар. Сол мүмкіндікке қол жеткізген жандардың бірі – өзім. Маған да осы жобаны жүзеге асыруға қаржы тапшылығы қиынға соққан. Мемлекеттік бағдарламаның көмегімен оны былтырдан бері жүзеге асырып келемін. Кәсіптің бұл түрінде пайда көп. Сондықтан алдағы уақытта жылыжай көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырмын. Былтыр нарыққа шығарған күннен бастап тұтынушылар мұнда пісіп-жетілген өнімді таласып алды. Осыдан-ақ көкөніске көктем және күз айларында сұраныс жоғары болатынын аңғардым, – дейді жас кәсіпкер. 

Жерлесіміз былтыр жылыжай ашу үшін мемлекеттік бағдарламамен 6 млн теңге несие алған. Пайыздық үстемақысы 6 пайызға дейін субсидияланған қаржылай қолдау кәсібінің алға басуына үлкен көмек болыпты. Тіпті былтыр мұнда орналастырылған көшеттердің бір ауысымында-ақ 4,5-6 тоннаға дейін өнім жиған. Кәсіпкердің бұл жобаны жүзеге асыруға үлкен ізденіспен аяқ басқанын аңғару қиын емес. Себебі ол жылыжайда орналасқан көкөністерді күтіп-баптауда неғұрлым үлкен шығынға жол бермейді. Қарапайым судың өзін үнеммен, яғни тамшылатып суару әдісімен береді. “Серпін” индустриалды аймағында орналасқан жылыжайдың болашағы жарқын. Былтырдың өзінде өз өнімін нарыққа шығарған кәсіпорынның алдағы уақытта көкжиегі кеңейсе, мұнда өндірілген өнім көлемі де ұлғаяры анық. Ал кәсіптің бұл түрін қолға алғандардың қатары артса, көкөністің нарықтағы бағасы да халықтың қалтасына салмақ болмас еді. Ол үшін бұл жобаға Жандос секілді үлкен ізденіспен қадам басу керек.

Кейіпкеріміз қазір жылыжай орналасқан аумақта тағы бір ғимараттың құрылыс жұмыстарын бастап кетті. Бұл алдағы уақытта жылыжайда егін орналастыру жұмыстарын ертерек бастауға үлкен мүмкіндік береді екен. Себебі бұған дейін көшет егу жұмыстары да жылыжай ішінде жүзеге асса, алдағы уақытта көшеттер осы нысанда дайындалады. Қыс айларында пешпен жылытылған кәсіпорынға көгілдір отын жеткізу де жоспарда бар.

Тағы да оқыңыз: