Kyzylorda-news.kz. Депутат Қазақстанның бірқатар өңірінде болып жатқан жұтты жүйелі жұмыстың жоқ болуымен байланыстырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Депутат Еділ Жаңбыршин Мәжіліс отырысында елдегі жұт мәселесін көтерді. Оның айтуынша, қоршаған ортаға антропогендік әсерлер мен жалпы климаттың өзгеруі, алдымен еліміздің агроөндіріс кешеніне әсер ете бастаған. Теңіздер мен өзендердің тартылуы, жауын-шашынның нормадан аз түсуі көптеген аймақтың, соның ішінде Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарының ауыл шаруашылығына қиындық туғызды.

«Маңғыстау мен Қызылорда облыстарында ата-бабамыздан қалған асыл мұраның бірі төрт түлік малды ұстап отырған шаруашылықтар мен тұрғындар аса ауыр жағдайда. Елде орын алған су тапшылығы мен қуаңшылық жайылымдық жерлердің жағдайын кетірді. Осы жағдай тиісінше малдың шығынына әкелді. 2020 жылы Маңғыстауда 4883 мал басының өлімі тіркелсе, биыл бірінші тоқсан қортындысы бойынша, 1332 бас мал өлген. Бұл мәлімет тек сырғаланған, тіркелген мал шығыны бойынша ғана, ал, облыстағы малдың 56 пайызын құрайтын қалың бұқараның қанша малы қырылғаны белгісіз. Мұндай жағдай Қызылорда облысында да тіркеліп, 481 бас мал өлген», – деді депутат.

Сонымен қатар, депутаттың айтуына қарағанда, бұл жағдай мал азығының бағасын еселеп көтеріп жіберген.

«Маңғыстауда бір түк шөптің бағасы 17 мың теңге болса, бір келі арпаның бағасы 95 теңгеге жетті. Ал көршілес Ақтөбе облысында сол бір түк шөп 4 мың теңге тұрады. Бағаны көтеріп отырған жол шығындары және осыдан пайда көріп қалайын деп отырған делдалдар. Осы зауалдың кесірінен қаншама отбасы ауыр жағдайға ұшырады, қаншама шаруашылық жер сипап қалды? Оның есебі бар ма? Осындай жұтта халыққа қалай көмек береміз? Әрине, халық бірінші кезекте Парламентке, Үкіметке арқа сүйейді», – деді Жаңбыршин.

Депутат мемлекет малға азық тауып бере алмай жатқаны өте ұят жағдай екенін де айта кетті.

«Жалпы болып жатқан жағдай, әр өңірдің ерекшеліктерін ескерген, ғылыми зерттеулерге негізделген еліміздің мал шаруашылығын дамытуға және оның азығын дайындауға арналған жүйелі-жоспарлы жұмыстың жоққа жақын екенін айқын көрсетіп отыр. ХХІ ғасырда ғарышты игеріп, Аустралия мен Канадан асыл тұқымды мал алдырып, дүниенің бәрін цифрландырып жатқанда, малға азық тауып бере алмай жатқанымыз өте ұят! Қазақ атымызға сын емес пе?», – деді Еділ Жаңбыршин.

Осыған байланысты депутат жұт жайлаған нақты аудандар мен аймақтарда шұғыл түрде жергілікті дәрежедегі төтенше жағдай жариялап, оларға тиісті бюджеттік көздерден және материалдық қорлардан нақты көмектер көрсетуді ұсынды. Сонымен қатар, зардап шегіп жатқан аудандарға мал азығын жеткізуді қамтамасыз етуді сұрады.

Тағы да оқыңыз: