Kyzylorda-news.kz. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылғы Жолдауында елде жүзеге асатын реформаларға қатысты бес бағыт белгіленген болатын. Бұл бағыттар жөнінде Президент VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясында кеңінен тарқатқан еді.
Мемлекет басшысы атап өткеніндей, ел үшін маңызды сәтте саяси жаңғыру бағдарламасы ұсындылды. Бастамалар жұрттың шынайы қолдауына ие болды. Сол уақыт ішінде ауқымды жұмыстар атқарылды. Конституциялық реформа арқылы бүкіл жүйені өзгертетін қадамдар жасалды.
Президент жеті жылға бір рет қана сайланатын болды. Сондай-ақ Парламенттің құзыреті мен қызметі қайта қаралды. Депутаттардың рөлі едәуір күшейді. Конституциялық Сот құрылды. Бүкіл сот жүйесіне түбегейлі реформа жасау басталды. Адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғауға қатысты жұмыс жаңаша сипат алды. Азаматтардың саяси өмірге емін-еркін араласуына жол ашылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев атап көрсеткендей, бұлардың барлығы, түптеп келгенде, адамның өмірі мен денсаулығы, қауіпсіздігі, құқықтары мен бостандықтары, өмір сүру сапасы мен деңгейі сияқты конституциялық тұрғыда бекітілген ең жоғарғы құндылықтар мен қағидаттарды қамтиды. Сондықтан да Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың бүкіл елге жасаған мәлімдемесі, мемлекеттік билікке берген тапсырмаларының іс жүзінде шынайы орындалуы еліміздің жандануына, орын алған олқылықтарды еңсеруге, жаңаша дамуға жол ашары сөзсіз. Себебі, жүйелі реформа – жаңа болашақ.
Айнұр ӘЛИ
