Kyzylorda-news.kz Сырдария ауданының әкімі Берік Сәрменбаев аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікеновпен бірге Тереңөзек кентінде салынып жатқан жүгері дақылын терең өңдеу зауытының құрылыс жұмыстарымен танысты.
Аудан әкімі өндіріс орнын аралау барысында құрылыс жұмыстарының сапасына, белгіленген мерзімдердің сақталуына және қажетті құрал-жабдықтардың уақытылы орнатылуына ерекше мән берді. Зауытты толық қуатында іске қосу арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу көлемін арттырып, жергілікті жерде өндірістік әлеуетті күшейтудің маңызы зор екенін атап өтті.
– Жүгері зауытының іске қосылуы – ауданның ауыл шаруашылығы саласын дамытуға серпін беретін маңызды өндірістік жоба. Жергілікті өнімді терең өңдеу арқылы қосылған құны жоғары өнім өндіру және жаңа жұмыс орындарын ашу мүмкіндігі артады. Сондықтан құрылыс жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтап, өндірісті іске қосуға қажетті барлық мәселені жүйелі түрде шешу қажет, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Қазіргі таңда зауыт аумағында жүгеріні кептіруге арналған құрылғылар орнатылып, өндірістік желілерді арнайы аппараттармен жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. Аудан әкімі мердігер мекеме өкіліне құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқталу маңыздылығын атап көрсетті.

